СОҚ САҒАТ
Бірінші өлең
Тау сүйеп иегін көкжиекке
үмітін тұр артып.
Тағы бір ғажайып түн өтті –
тек қана үлгердім құмартып.
Тағы бір таң атты арайлы,
тағы бір жаңалық сезінем.
Көк аспан әйнектен қарайды
кызыл күн көзімен.
Кешегі жырым ба – бұл жырым,
кешегі ойым ба – масқара-ау!
Мына таң өзгеше сайратып бұлбұлын
ұялтып тастады-ау!
Алатау оянды жаңғыра,
Нұр-шуақ жапыраққа жымиды.
Бұйырды, бұйырды таң мына
төсекті тезірек жиюды...
Екінші өлең
Аймалап ақша бұлт нән шыңды,
көлеңке сайларды ұя ғып,
Сұп-сұйық ақ нұрға малшынды
айнала; көздер тұр ұялып.
Шалғайда – қан майдан,
еңбекті бақыт деп жүр атап.
Ащы тер құйылса маңдайдан
тұп-тұщы рақат!
Рақат мына жер үстінде
Әйтеуір еңбектен кенде емен
Еңбек бар! Құдірет-күш кімде,
шынымен менде ме?!
О, онда сене бер!
Біл тағы
еңбекке жететін бар әлім.
Сондықтан сөгілсе Дүние ұлтаны
Өзімді шеге ғып қағамын!
Үшінші өлең
Секундтар қуалап бір-бірін,
толқын боп соғады мезгілдің жарына.
Тыңдасам дәл сондай бұлақтың сылдырын
қуанам құлақтың барына.
Мезгілдің қысы не, күзі не,
шілденің лебі ессе өлеңнен.
Алдағы күндердің жүзінен
жеңісім көруге келем мен!
Маңдайым мақсатқа бұрылды.
Жүрекке қадалды бір күдік тыз етіп,
осыдан бір сағат бұрынғы
отырмын қатемді түзетіп.
Әр сәтте бар білем ой анық,
Әр секунд әлінше қатады үн...
Таң ата бала боп оянып,
күн бата шал болып жатамын.
Төртінші өлең
Қағылар қабақтар, кірпіктер...
Уақыт көзінде нұр болып ойнасын.
Алатау, бұлтыңды жыртып бер
Сүйіктім шәлі ғып байласын!
Көңілдер шаттыққа бір қансын,
Қуаныш,
көз жас боп домала:
Ел болып елу жыл тұрған соң
Әрнені еске алмай бола ма,
Біразын ұмытпай бола ма!
Ей, жастык, қызық тап, таныс тап,
өзіңді өзгеге мақұлдат.
Біреуден барасың алыстап,
Біреуге жақындап.
Сағаттар, соға бер!
Біз де есе
жіберген жоқпыз ғой, жоқ әлі.
Бұл күннен кім бізді іздесе,
келер күн төрінен табады.
Соқ, сағат!
Ұш, қиял!
Ой, ізден!
Арқамда ауыр жүк – сын бәрі.
Келемін Дыбыстық поезбен,
Рельс – телеграф сымдары.
Аспаннан, ауадан, дірілден,
Уақыт жүйкесін түсіндім.
Сонау көп жұлдыздың бірін мен
жарыма сырға ғып ұсындым!..
Минуттар, өте ғой, жарайды
Мен үшін жасадың бір шығын...
Секундтар саусағы санайды
жүректер дүрсілін.
Бесінші өлең
Әдемі-ау, Алатау, тұрысың,
Ғажап-ау кеңдігің, далам-ай,
Тек менің өнбейді жүрісім,
неге олай!
Тезірек соқ, жүрек, дүрсілің
Сөз болып ойнасын тілімде,
Ертең мен бүрсүгін
тезірек айналсын бүгінге.
Беріліп махаббат,
мақтануға
Кеш қалдым.
Өзіме сол керек!
Көкжиек жасаурап жатты алда,
Сұлудың көзіндей дөңгелеп.
Мені алыс мегзейсің бүгін сен,
О дала, ой салдың бай талай.
Алатау сүйейді, сүрінсем
Байқамай.
Тұтанып келем мен – білемін:
түнерген қабақтар қатпайды үн.
Сен қанша тез соқсаң, жүрегім,
Мен сонша аттаймын!
1963, 1982