02.04.2022
  138


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ІСІ ӨНБЕСЕ ТҮРТІНІП…

Ісі өнбесе түртініп,
өндіртем деп жұрт әуре,—
дәукестерден бір күні
кұтыларсың сылтаумен.
Төгіп сөздің түр-түрін
жөнелетін былғалай,
көк мылжыңнан бір күні
құтыларсың тыңдамай.
Көріп жүрміз қыз атын
жүрсе біреу бұлдамай,
ондай қызды ұзатып
құтылады, бұл да оңай.
Керегі не ренжіп,
тапты да заң үкімді,
жаман әйелінен жұрт
әлиментпен құтылды.
Жаман болсаң — аз өкпе,
өкпе артасың қас қылып
жаман жырдан газетке
құтыламыз бастырып.
Сыншы деген бауырға
ұнап жүрміз, шүкірлік.
Ал, оқушы дауынан
жақсы жазып құтылдық.
Бәрін қиын сезінбе,
түк емес бәрі,
расында:
көлеңкеңнен-өзіңнен
құтылудың қасында.
1969, 1982





Пікір жазу