02.04.2022
  172


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

МЕНДЕ ҮШ ҚЫЗ БАР —…

Менде үш қыз бар —
үшеуін ұшырармын, үш жаққа,
шыдай алмай құда мен күйеу салған қыспаққа.
Төртінші боп өзің де жөнелерсің тіс қақсаң,
біздің үйдің келінге кесесін де ұстатпай.
Дастарқаным жаюлы қалмаса екен деген ғой,
еккен гүлім төріме — солмаса екен деген ғой.
«Жердің серіктері» ұшып қайта қонбас,
біздің үй
космодром сықылды болмаса екен деген ғой.
Ұшса — алыс, ұшатын оқ ұшқалы керемет,
«Жер серігі» қонбай жүр, тез ұшқаны не керек.
Кораблі қонбайтын космодром болғаннан,
іздеп қонар құстарға ұя болғым келер ед.
1969





Пікір жазу