02.04.2022
230
МЕН ҮЙРЕНДІМ КҮЙІНУДІ КҮЙРЕП БІР…
Мен үйрендім күйінуді күйреп бір,
тағдыр маған жастан дауды үйретті.
Тамсандым мен дәмін татып бейнеттің:
тағдыр маған мастанбауды үйретті.
Мен үйрендім өзімді-өзім сүйреп бір,
әр асулар — жалтаңдауды үйретті.
Менің ізім сызық болды ирек сір:
адасулар — жол таңдауды үйретті.
Қыз-бозбала қызығынан әлі де,
бос қалмауды үйретіп жүр өлеңім.
сене-сене, сене-сене бәріне
дос таңдауды үйренбей-ақ келемін.
1969