САРЫЖАЙЛАУ
Басталды күй бір ырғалып,
Күйші отырды «кел де келге».
Күлсе қыздар жымың қағып,
күй қайтеді жеңбегенде!
Күй сөйледі – тынды бәрі,
соқты теңіз көкіп жарға.
Жапырақтың сыбдырлары
араласты толқындарға.
Күрсінді күй – не тіледі,
Келді бір сәт «бер де берге».
Жеп-жеңіл үн секіреді
пернелерден-пернелерге.
Күйші бір сәт күлді міне,
ой күдіктен болды ма ада.
Жата кетті бір дүние
Иегін сүйеп домбыраға.
Жайлау – сары, жалқын гүлі
Сардаламен сыңсып ақты,
көлеңкенің салқындығы
жылылығы күн шуақтың;
жапырақтың сарғайғаны,
күзгі құстың сайрағаны;
Жылқышы әні шалғайдағы,
Үйде қазан қайнағаны –
қосылды да бәрі, бәрі...
Исі, түсі күйге сіңген.
Жыр жолы да ағылады
Күй секілді үйлесіммен.
Келді кенет тұман жым-жырт
тұман жапты кепелерді.
Бар үмітті күмән қылғып,
Жұтып алып кете берді.
Күлді Тотаң тарқап мұңы,
Жеңілдетті іш құсаны.
Тәттімбеттің бар шаттығы
Бірақ бұлдыр түске ұсады.
Ұшты жапырақ қалқыды да,
сыбдырын сай тыйды кенет:
домбыраның алқымына
кек тірелді бір керемет.
Күй сағадан бұрылып ап
кетті, тағы... неге егесті?
Бірі тұрып, бірі құлап
көп толқындар төбелесті.
Қайда, қайда... бар жаңағы
бір-бір адам жүз көрінген?–
Күйші көңлі қарманады
Әлдекімді іздеп үйден.
Толқыды күй, жыра сайды
Толтырды да алға аттады.
Әр қырқаны бір асады,
Әрбір тауды салмақтады.
Күй – кек еді, жетім кегі,
Әр жетімді құшақтады;
өрт теңіздің бетіндегі
көлеңкеге ұсап бәрі,
өрт үстінде тұрды қалқып
бірі шошынып, бірі құмартып...
Сұлулықты сырлы етуге
Келді екі ішек бір «жетімге»–
Көрді Тотаң күй бетінде,
Көрді өз бейне-суретін де.
Беті сұлу, ар жағы дерт,
шикі дүние – жаман еді:
арман өсіп, арман үдеп,
кішірейді адам өзі.
Күйдің жағы талды жырлап
«Сарыжайлауды...» заманын да.
Іркілді күй, қалды кұрғап
Домбыраның тамағында.
Күйші жанға батқан кекті
жіберді әрі сәл жұтынып.
Күй көтерді аспан-көкті,
Күй аспанда алды тұрып...
Бір боранда,
бір жаңбырда
қазақ көшті қырдан-қырға,
Күй де кешті қырдан-қырға,
іздеп бізді – келешекті.
Барлық дала – бір домбыра,
мезгіл қолы шебер шертті.
Түскенде арай кешкі көлге,
Жаңарды ылғи көне күйші.
«Сарыжайлауды» естігенде
боз жусанның келеді исі...
Әкел, өмір, күйіңді әкел,
күлмек едім күйіңменен.
Күй көңлімен сыйынбақ ем,
Күй басымен иілмек ем!
Шертем Тотаң күйін бүгін,
көрген жоқ қой құмар тарап.
Туған жердің сұлулығын
«Сарыжайлау» жүр арқалап.
Әр нотасы желпінтеді,
Әр нотасы мұңайтады
«Сарыжайлаудың» жел тілдері,
Жел тілімен Күй айтады:
Тыңдаңыздар – тамаша бұл,
отырыңдар мұнда, бері,
Көркемдікті қаласа кім,
болса содан кім дәмелі;
кім зар-мұңның татса дәмін,
сол қарасын аяп маған!
Солар үшін басталамын,
солар үшін аяқталам».
1967