СОҚЫР ТЕКЕ
Көзді таңып, сүрініп,
әкетті деп «жеті ұры»
іздеуші едік жүгіріп,
соқыр болып өтірік.
Ұстата ма шын ұры
соқыр түгіл, айыққа:
кететін-ді бұрылып,
таппадың деп айыптап.
Ұстап алсаң,
сор бұ да
өшіңді бір аласың:
көзін таңып, орныңа
«соқыр» ете саласың.
Ұстағанша, мазақ қып
досың күліп,
әрине,
көретінсің азапты.
көзі бардың бәрінен.
Теке емеспіз, елікпіз,
ей, балалық, желіккіз!
Теке қоймай
құтылмайтын едік біз.
Кінәлайтын жұрт өңге
айдаладан сөйлеп құр.
Ұрсатұғын үлкендер
жаман ырым ғой деп бұл.
Жаман ырым?
Жәйдан-жай
сөз де айтылмас боп алды.
бір ағамыз майданнан
шын соқыр боп оралды.
Көздің жоғы жаман-ақ
ербең қағып қолдары,
әлдекімді шамалап
ұстамақ-ты ол-дағы.
Тайқып жүрдік жолынан,
үрейлендік, отырдық.
Кім түссе де қолына
жіберердей соқыр ғып.
Іздейтін ол тарығып,
кеудесін бір кек кернеп, –
бар қаскүнем, бар, ұры
соны тонап кеткендей.
Ұстата ма шын ұры,
соқыр түгіл айыққа.
Қалды ағамыз бұрлығып,
әлдекімді айыптап.
Біз қойдық қой, әрине,
ойын қалды,
жетілдік.
Бірақ ағай әлі де
ойнап жүрген секілді...
1967, 1982