Поэмалар ✍️
ҚАНДЫ СҮТ
Айта алмаймын қай қалада болғанын,
Әйтеуір бір Ана болды – сол мәлім.
Әйтеуір бір жер мен аспан арасын
Мекен еткен – өзің тауып аласың.
Сезер болсаң түтін иісін, дәрі иісін,
Мезгілді де, Ананы да танисың.
Құлағыңа естілсе егер бомба үні –
бұл оқиға болған еді сол жылы.
Жүрегімді тағы... тағы тырнады
Қасірет пен қайсарлықтың жырлары.
1
Екі сәби, жас Ана.
Жылжып барып Күн де түсті тасаға.
Селдір-ымырт үйдің ішін тұр сүзіп
Тұр мелшиіп екі жетім босаға.
Бір бұрышта ұлы Тарас, ұлы Абай
Қарайтындай әлдекімді кінәлай.
Сәбилер де осы ымырттай тым-тырыс,
отыр үнсіз нан сұрамай, жыламай.
Жаяды Ана су шұлғау мен етігін,
Жылынады – сүйіп, құшып екі ұлын.
Кеткен еді күйеуі алыс орманға,
Бүгін, міне, жеті күн.
Бір бұрышта темір төсек,
қос адам
қажетінен біржолата босаған,
Сол төсекке жатпағалы бел шешіп,
түсті Ананың еңсесі.
Шар-айна бар – көрері ылғи күлкі еді,
Оның-дағы жүзіне енді мұң толды.
Иіс майдың қорабына шаң басқан
қарайды Ана –
көздің жасын іркеді.
Қарайды Ана ілулі анау қамшыға.
Жас тамшысы, тамшылайды –
Мұндай сәтте даласына Қазақтың
Ойша оралу да – азап бір:
Ері –
жаңсақ естімесем тегі мен
Келген екен Қазақстан жерінен.
(Оған-дағы болыпты енді талай жыл,–
“Талай” дегеннен басқа,
Бір санды дәл айта алуың – неғайбіл.
Ала кепті ол төрт өрмелі қамшыны,
Және мынау сүгіретін Абайдың).
Содан бері украиналық Катяны
Өзінше өңдеп Қарашаш деп атады.
Сол жас жігіт – әлгі Ананың жары еді,
Әкесі еді қос сәбидің әдемі.
Еркек кіндік атаулыны жау атып,
Кеткен кезде ыза-кекті оятып,
бір топ адам сол бір кекті қорғауға ‘
қара түн боп сіңген еді орманға.
Күнде олар жас Анадан жаңағы
ыстық дәм мен суық хабар алады...
2
Жамырады үн көше жақтан шу шығып –
Отырды Ана әр тал шашын тыңшы ғып,
Терезеге, төсегіне қарайды,
Қорқыныш пен ыза-кекке тұншығып. –
Ауық-ауық күрсінсе Ана үзіле,
Екі сәби жалт қарайды жүзіне.
Бір-бірінің іреңіне өзгерген
Қарады олар үрей толы көздермен.
Дабыр-дүбыр болып кетті үй маңы.
Атып тұрып Ана үй-ішін жинады.
Қос сәбидің жұмбақ толы көңілін
Жұмбақ Ана үнсіздікпен қинады, –
Қалай ғана тез жинады ол үй-ішін,
Әрең-әрең алып жүріп тынысын?
Шам жақты әне.
Айна алдына барды өзі...
Бұл сәндену – керек бопты кім үшін?
Тек темірдей жүзі ғана сазарған,
Бір сұмдықты көргендейін көзі алдан.
Тосын пенде ойлар еді, әйтпесе,
Жары келе жатыр ма деп базардан.
Міне ғажап: тұрды бір сәт таранып,
Қасын аздап бояп қойды қара ғып.
Содан кейін күлген болды жай ғана
Қос сәби мен бұрыштағы айнаға –
Екі сәби көңілденіп боп қалды,
Енді бірде “мама” деуге де оқталды.
Амал қанша, бітті осымен бар шаттық
Барлығы да бір жымиып тоқталды.
Ана тұрды жасайтындай бір айып,
Айна тұрды өз орнында мұңайып.
Ана жүзін арпалыс-ой талқандап,
Екі сәби қарады енді аң-таң ғап.
Осы сәтте қақпа алдына толды бір
Жат адамдар, темір тақа, мол дүбір
Көтеріп ап жат сөздерді, жат желді
Мұздай ауа әппақ боп лап берді...
3
Бір офицер қалайы үнмен шаңқ етті,
Жаңғырықты оған да өз кеудесі.
Содан кейін күліп тұрды жылтырап,
Маған сенсең – сол күлкіге сенбеші!
...Қарсы келді кек пен кек,
Найзалар да, еріндер де, көкпеңбек.
Қан көгеріп кеткен бе –
Нұр-жарық та кетеді екен көгеріп
Қарсы келсе кек пен кек!
Әрең-әрең шыдады Ана көрмеуге
Үрейленген екі ұлды.
Тісін ашса Украина – құпия
аузынан түсіп кетер секілді.
Шыдады Ана – соның бәрі кек пе еді!
Тек бір тамшы көздің жасы жосылды...
Ол да бірақ далаға ағып кетпеді –
Ақ Жайық пен Днепрге қосылды...
Қасарды Ана тергеді көп жау қамап,
Мылтықпен де, айламен де аймалап,
Бір басылып, кекті жау бір өрленді,
Біреуі кеп әзілдеп те көрді енді:
Айтсаң – дейді, – партизандар мекенін,
Аман-есен Берлинге алып кетемін.
Ол жаққа да керек боп тұр әдемі ұл,
Сүйеміз біз коммунистің әйелін.
Мамық жастық, жібек кілем – бар бәрі,
Бәрі, бәрі – әйелдердің арманы.
Ақ төсіңді жылытқан соң
бұяқты
Ұмытасың жылы пеште ұйықтаған
Ерке-құйрық бала мысық сияқты.
Мұндағыдай кенеп көйлек кимейсің,
Ақ арақ пен азиатты сүймейсің.
Атар таң мен батар күнің – мен болам,
Сені алдаймын, саған өзім де алданам...
“А, солай ма?
Жем екем-ау тегін мен,
Топас дүние бұған шейін не білген?
Ыстық еді жарымның да құшағы,
Бірақ, бірақ ол-дағы
Ыстық емес жауға деген кегімнен!
Әрі тартшы, сасық екен тұмсығың,
Әйтпесе аздап... бой үйретер едім мен,
Ал, Берлинге ту тіккенде қол мына,
Не тігесің, өз басыңның орнына?..” –
Ұмтылды Ана – шарт етті бір шапалақ,
Кірш етті бір көк сүңгі.
Қатал уақыт Анаға
Ақырында шыдауды да көпсінді!
Ананың ақ төсінен
Түнере кеп шүмектеді қара қан.
Шыңғырып-ақ жіберді
Екі сәби тілсіз тұрған манадан.
Масайра, жау! Ендігіде жоқ ісің,
ана өлсе – азаматтық борышы!
Қос сәбиді бірі ұмсынған атқалы,
екіншісі қолын оның қақты әрі:
“Балаларды атып қанша керегі –
Өздері де өледі...”
Содан кейін... арылды үйдің “қонағы”,
Ана менен айна қалды құламай.
Құшақтасып күңіренгендей болады
Қабырғада Шевченко мен ұлы Абай.
4
Құламады!
Құламайды Ана әлі;
Көзі аймалап екі сәби баланы,
Туған жерде тұр әлі оның табаны.
Туған жерде жұтады әлі ауаны.
Кетіп бара жатыр, әне, үзіліп, –
Бәр-бәріне қарайды құр қызығып,
Көп ақынды қартайтқан сол қыз-үміт
Ақырғы рет өтті алдынан сызылып.
Ана – әлі тұр қүламай,
Өлім, өмір арасында сынадай.
Құлар еді ол, құлата ма,
қолтықтан
Сүйеп тұрды ұлы Тарас, ұлы Абай.
Құлар еді ол, қан суалды, ет өліп –
Өр Днепр құлатпайды толқынымен көтеріп!
Құлар еді ол, құлата ма оны елі,
Адамзаттың Ана жайлы өлеңі!..
Қан мен сүтті екі сәби бір емді,
Бар тіршілік қан мен сүтке тірелді.
Ана жүзін көрген айна жаңағы
Қан мен сүтті қабат көріп тұр енді...
Соңғы минут – қан да, сүт те болды ағып,
Соңғы тамшы әрең ақты зорланып,
Ей, Аяныш! Шыдамасаң – қарама,
Қан ембейді, сүт емеді бала кіл.
Қан қосуға бола ма
Ақ сүтіне Ананың!..
Ана – тірі, қан да өлі, сүт өлі,
Жан жібегін енді өлім түтеді.
Жабылар ед сәл ашылған еріні –
Соңғы демнің алынуын күтеді.
Алмады Ана не өлтіре, не тілдей,
Телмірді құр мынау екі жетімдей.
Солғын тартып бара жатты көзі де
Тұман күнгі Днепрдің бетіндей.
Бірақ ана құлаған жоқ, құлай ма
Бір қарсылық жасап алмай “құдайға” –
Құламайды ол болса-дағы құр сүйек,
Оны бүкіл Украина тұр сүйеп!
5
Украина топырағы нұр сіңген,
Қанға бөгіп қалып еді-ау құр сүлдең.
Сол Ананы жерлеген бір күндері
Қайсың едің сонша қатты күрсінген?
Тарам, тарам, тарам, тарам, көп тарам,
Әр қақпаға бір бұрылып тоқтаған,
Ық жағына үйірілген шөп-шалам:
Иірім жол, сен бе едің?!
Әр жанарда бір тамшы боп жылтырап,
Әр кеудеде бір қызық боп жұрты қап,
Ойдан өрге көтерілген бұрқырап,
Дала күйі, сен бе едің?
Алған демі найзағай мен дауыл боп
Жалба-жүлба қара бұлтты бауырға ап,
Күннен-күнге бара жатқан ауырлап,
Сұрғылт аспан, сен бе едің?!
Алып күнді қалқытқанмен нүкте ғып,
Ауырсынған әр жаңқаны жүк көріп,
Ышқына кеп атылатын бүктеліп,
Өр Днепр, сен бе едің?!..
Айтшы, айтшы, Дала, Дария, нұр сіңген,
Қайсың едің сонша қатты күрсінген?!...
Жерленді Ана, жерлеген жоқ оны ешкім,
Емес адам, емес аспан, емес түн,
Жерледі оны қан көктеткен кең өлке,
Қара орманнан бөлінген бір көлеңке.
Жерледі оны темір күрек бір де екі,
Жерледі оны жесірлердің құрметі.
Жерледі оны махаббат пен қасірет,
Ақырында... тарихтың бір беті...
Екі жетім қалды тірі, қалды аман,
Пана тауып көршілес бір ауладан.
Ертеңді-кеш мөлтілдеген көз жанар,
Қорғасындай әрең-әрең қозғалар.
Қалт-құлт етіп басса аяғын аш, арық,
Дүние тұрды одан сайын қасарып.
Қос жетімнің үлесіне тиді ұдай
Аяныш сөз, бір үзім нан, бір құдай.
Білеу-білеу тамырлары аңдаған
Күзгі ағаштың бұтағынан аумаған.
Өтіп жатты сәби ғұмыр – жаны асыл,
Бір жымиса – екі ұмытып анасын.
Қарт Днепр күні-түні күркіреп
Тілеп жатты бір тілек...
6
Қалың орман. Қапырық ой. Сөнген от,
Бір дір етіп тына қалды жел кенет.
Тек шығыстан Ай келеді албырап,
Ағаштардың арасымен дөңгелеп.
Орман ішін көлеңкелер жүр кезіп,
Үнсіз аспан иықтарды тұрды езіп.
Тұрды бәрі Ай көзінен ұрланып;
Бір көлеңке келеді әне зыр қағып
Бір көлеңке сүйенеді ағашқа,
Бір көлеңке әлденені тұр бағып.
Бір көлеңке кезенеді мылтықты –
Шегінетін емес бірақ түн тіпті.
Біреу жатыр анау сайда – табанда,
Ол жатыр ғой – көлеңке де жоқ онда...
Әлденені біреу, әне, өтті алып,
Көлеңкелер қалды сол сәт топтанып.
Байқалмайды ешкімнің де түс-өңі,
Бәрі ерітіп бір тыныштық ішеді.
Бір бас әне көтерілді,
жанына
Бульба-мұрттың көлеңкесі түседі.
Бірте-бірте өрмеледі Ай көкке,
Ұқсайды аспан көкшіл түсті әйнекке.
Орман тұрды бір ой ойлап тымырсық,
Ауық-ауық ыңырсып.
Жиектегі Ай шыққан сайын жоғары,
Көлеңкелер аласарып барады
Ал, адамдар маңдай терін дегдітіп
Тыныстайды кек жұтып.
Су-ызғарды сезбес болып кетті жұрт,
Әрбір аяқ өз шұлғауын кептіріп.
Өмір тұрды көлеңкенің үстінде,
Көлеңке ме, әлде бәрі түс мүлде?!
Мен ол түннен көрген емен ешкімді,
Тек бір ауыр алған демдер естілді...
Жауларға да пана керек болғанда,
Жалын болып ұмтылып ед орманға –
Ала алмады, жаға алмады бәрі бір
Ормандардың қоңыр ала ағынын.
Орман, орман! Өртенді де, оталды,
Орман бірақ қорғап қалды Отанды.
Батырлары, жақындары, ен елдің
Тамырындай тереңдеді еменнің.
Орман тұрды тыныштыққа тиеліп,
Жау ұстаса – алды қолын күйе ғып.
Жаралы орыс құламады сол күндер
Орманына сүйеніп!
Орман-аңқау, орман-қайсар: ол әрі
Партизандар моласы да болады,
Панасы да, анасы да болады.
Көтер, орман,
рухыңды жоғары!
Жел де шалқып орман жақтан соғады!
Әрбір бұтаң тұрса бір–бір күй іліп,
әрбір көңіл қарады оған сүйініп.
Орман тұрды,
жауға деген бұл елдің,
Қабағындай түйіліп.
Түтін-дағы орман жақтан шығады
Іздесең сен сол күндерге куәні,
Ол да – орманда.
Орман, орман
ұлы орман,
Орман жақта бір жаңғырық жүр әлі...
7
Қалай айтсам болар екен дәл мұны, –
Көзім менің қос сәбиді аңдыды.
Түс көрсе олар – сияр ма екен ақылға,–
Сыйса егер... мынаны айтып жатыр ма?!
“Тоңдырды ғой таңы күздің,
Күздің таңы – сары ала.
Кірледі ғой жанымыз бұл,
Кірледі ғой жаға да”.
“Көр, көр, балам, көр тағы да
Тірі жанға немене!
Мола болып жорта мына
Жатқаным жоқ төбеде.
Қайырымсызбын, маған бүгін
Түспейді күн шуағы.
Көрші-қолаң жағаңды, ұлым,
Бір күрсінсе – жуады”.
“Ашпыз қазір – кінәміз не,
Қор болдық-ау, әй, тегі.
Сол күнгідей мына бізге
Бір қарасаң қайтеді?”
“Бір түгілі, жүз қарар ем,
Көтере алман денемді.
Сол бір түні мұздаған ем,
Жылынбаспын мен енді.
Бәрін әлі таниды ішім,
Мола деген – құр атақ.
Байтақ жер мен арың үшін
Өлген де бір – рахат!”
“Болса рахат аяшы, ана
Бізді-дағы ала жат.
Атымызды бір атасаң,
Біздер үшін – қанағат”.
“Қинамашы жанды, балам,
Бәлкім сөзің шын шығар.
Күн-күн сайын саудыраған
Сүйегім құр сырқырар”.
“Аударайық тасты үстіңнен,
Бір емізші, жан–анам”.
“Емізер ем, ақ сүтіме
Араласты қара қан”.
“Таста әйтпесе қырды мына,
Ауламызға барайық.
Біздің үйдің орнында
Күл қалыпты қарайып”.
“Бара алмаймын, енді өзіме
Қарап қалған молам бар.
Мейірімді ел көзіне
Тамшы жас боп тараңдар.
Бүкіл дүние өзге күнмен
Сендерді де еншілер.
Жәутеңдеген көздеріңнен
Кім аяса – сол сүйер...”
8
Жарқ-жұрқ етті бір найзағай – жанды бұлт,
Лау етті де артынша ол да болды ұмыт.
Туған дала қарқылдап кеп күлді бір,
Көкжиекке соқты толқып жаңғырық.
Тағы қайта кетті мүлгіп әлем құр,
Бірте-бірте ымырт түсті санаға.
Дәл осы сәт сәбилері әр елдің
Үнін қосты қасиетті Анаға...
Немен ғана жұбатар ем көңілді,
Жаудың оғы анаңды атса қолдағы?
...Адам деген қойса егер өлуді,
Қайғыруды қояр едім мен-дағы!
Таң көтерді боз торғайын жыршы ғып,
Күн қарыны қара жерді тұр сызып,
Әлдеқайда бомба түсіп, тараса үн,
Біреу жатыр ызылдатып арасын
Тақтай тіліп, қағып-қағып қалды әне
Көтеріп ап біреу ауыр балғаны –
Өсірсе Отан бір перзентін күш біліп,
Бір перзенті шылым орайды ысқырып,
Біреуі әне, табақ алып жүр шығып...
О, атыңнан айналайын тіршілік!
9
...Екі сәби қалды солай пана ғып
Көрші көше, қайырымды шал, аула ішін.
Қалай ғана көтерді екен балалық
Сол күндердің шын қасірет, қайғысын!
Көк аспанға тұнған түтін жабағы
Секілденді қара орманның қабағы.
Екі жетім түк түсінбей қалады
Жасқа толса әлдекімнің жанары.
Бір жылы жүз еркелете қараса,
Бүкіл дүние көрінеді тамаша.
Шын күлкімен күлсе шіркін адамдар,
Күлкі бұзбас қандай ғана қамал бар!
Күншуақпен жадырай бер жер өңі,
Жан шуағы тек күлкімен келеді.
Болса адамда титтей ғана жылылық,
Оны өзгеден сәби бұрын көреді.
Көрінсе егер жадыраңқы бір маңдай,
Күллі дүние күлім қағып тұрғандай.
Шын бейілін берсе біреу балаға,
Сол бала үшін көңілденер бар ана.
Көзі барлар! Бұл тірліктің жүзіне
Одан әрі кеп тесіліп қарама...
Екі сәби көрші аулада жүр солай,
Күтті екеуін ақшыл тартқан бір самай.
Жүрді үш өмір бір аулада күнұзын,
Үшке бөліп қара нанды бір үзім.
Үшке бөлді төсекті де зар илеп
Үш бөлінді бір адамның жүрегі.
Үшке бөлді, үшке бөлді бәрін де,
Тек қайғыны арқалады біреуі.
Сол бір адам, бурыл самай шал адам
Талай рет бір ерлікті қалаған.
Талай рет жіберсе де намысын,
Тірі жүр ол мынау екі бала үшін.
Күзетеді жау қоймасын күн-түні,
Көз жанарын күзеткендей кірпігі.
Мынау екі сәби үшін күледі,
Әйтпесе ол да ұмытар ед күлкіні.
...Қалғып кетсе күндіз аула ішінде,
Жау қоймасын өртеп жүрді түсінде.
Сенбес еді... сенді бірақ ел оған,
Екі титтей жетім бала үшін де.
Сенді адамдар, Украина сенді оған,
Екі жетім үшін түнде тоңбаған.
Сенді оған болмас еді сенбеуге
Үш бөлінген үзім нанды көргенде...
10
Сол үш адам бірге жатып жүрді ұдай,
Қосты үшеуін бір үзім нан, бір құдай.
Мұржасынан шыққан түтін кешқұрым
Күңгірт көкте бұралады бұрғыдай.
Бір бөлмелі кішкене үйді сол тұрған
Үш тіршілік үш үмітпен толтырған.
Бүдан өзге мүлік тапсаң ол үйден
Алты көз бар; бір-біріне мөлиген.
Адамды өмір тек қайғымен сынай ма,
Қайғыра алса – қайысар ед құдай да.
Ер Ана мен бұзылған үй мұрасы –
Екі жетім, екі сурет, бір айна...
Айна тұрды бәз қалпында баяғы,
Көріп тұр ол қос сәбидің жанарын;
Көріп тұр ол қабырғаға сүйеніп,
Өлсе-дағы құламаған Ананы.
Көріп тұр ол, көрмеуге онда жоқ шыдам,
Қан мен сүтті араласып шапшыған.
Көріп тұр ол сол бір іңір мезгілін,
Сөніп бара жатқан Ана көз нұрын.
Көріп тұр ол, жасыра алар ол несін
Тағдыр оған тек көруді бергесін.
Көріп тұр ол сол бір ымырт қабағын,
Кекті Ананың қайсар біткен кеудесін...
Көріп тұр ол, өшпейді одан бәрі де –
Шашын тарап қарайды Ана әлі де –
Осы сурет қатып қапты айнаға,
Енді соны... Жуар екен тағы не?!...
Көз жас па әлде, күлкі ме әлде, кім білер,
Келер күнге қарайыншы – дүрбі бер,
Күліп тұрып жақсыншы Ана бояуын –
Мен айнамды жарқыратып қоямын!..
Бір бұрышта Абай, Тарас, тұр ойлы:
Тиеп алып батырлық пен үрейді,
Сол ымыртта құламаған Ананы
Әлі де олар сүйейді.
Ашпайды олар, ашпайды тек қабағын,
Тұлданса да тудырмайды жаңа әнін.
Ілулі тұр қақ төрде сол қамшы да,
Қайратындай қасиетті даланың...
* * *
Байтақ Отан, бақытты аймақ, кең мекен,
Сені осынау жырларыммен тербетем.
Жетім жапырақ, кепкен бұта, жесірің,
Еске келсе ескі күнің – несі мін!
Таңғы сәуле: таудан аққан ақ бұлақ,
Тынып қалсам – толқыта гөр қаттырақ.
Кешегі күн болат киген сұр елді
Тыныштық пен Жарық қорғап тұр енді!
Мылтық бомба... ұмыттым мен дәл оны,
Сен де ұмыт, адамзаттың әлемі.
Бірақ еске салар оны, там-тұмдап
Жүрген жандар таяқ ұстап, қалтылдап,
Жеңдік қой біз, сақтадық қой елді аман,
Сол кез қазір секілді әсте болмаған.
Дала жасыл, қып-қызыл боп жатыр бақ,
Жеңген елдің рухындай лапылдап.
Анда-санда ойшыл ана құр қалып
Қояды тек жасын төгіп, ұрланып.
Басқа дақтың бәрін жуды сәуле-өзен
Сәбилердің күлкісімен бірге ағып...
1964