02.04.2022
  113


Автор: Абдрахман Асылбек

Тәуіп

Ауырмай адам тұрмайды,
Кеселді болу – шын қайғы.
Біреулер мойын бұрып жүр,
Тәуіпті санап ыңғайлы.
Әнеки, біреу барып тұр,
Тәуіпке қолқа салып тұр.
Тәуіп те оны танып тұр,
Алаулап көзі жанып тұр:
«Асқынған екен кеселің,
Қайтпасын, бірақ, меселің.
Сақтағың келсе жаныңды,
Табамын оңай есебін.
Боз қасқа қойды табасың,
Құрбандық қылып шаласың.
Боз өкпесімен қағамын,
Сонда тек аман қаласың».
Ауруда амал қалды ма?
Боз қасқа сойды барды да.
Боз өкпесінен басқасы
Тәуіптің түсті қарнына...
Тағы да біреу барып тұр,
Тәуіпке қолқа салып тұр.
Тәуіп те оны танып тұр,
Алаулап көзі жанып тұр:
«Жағдайың жаман, бауырым,
Қабынған екен бауырың.
Жазылып тез-ақ кетесің,
Дәрінің берсем тәуірін».
Асырып айла-әдісін,
Ұсынды тәуіп «дәрісін».
Қалдырды сырқат көп ақша,
Аяйды несін жаны үшін?
Тәуібің қандай қу еді,
Дәрісі сондай у еді.
Бөшкеден құйып бергені –
Кекіре шөптің суы еді...
Тағы да біреу барып тұр,
Тәуіпке қолқа салып тұр.
Ілмиген жүдеу баланы
Тәуіп те бірден танып тұр:
«Балаға нашар көз өткен,
Буып тұр кесел өзектен.
Бірнеше шөлмек дәріні
Ішкізу керек кезекпен».
Аңқаудың халін түсініп,
Оған да құр су ұсынып,
Күледі тәуіп мұртынан.
Тегіннен ақша түсіріп...
Уыстап беріп теңгені,
Болғанмен тәуіп сенгені,
Естіген жоқпыз ешқашан
Жазылып кеткен пендені.
* * *
Тәуіпке сеніп неге біз,
Өмірмен ойнап келеміз?
Емделіп емес, сенделіп,
Ажалдан бұрын өлеміз.





Пікір жазу