01.04.2022
  162


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

КӨЗСІЗ БАТЫР

 І
...Тұр осы бір салқын жан
Тесе қарап бір түрлі:
бір нүктеге шаншылған
прожектор сықылды.
Кеңістікте ғалам бұл
бір нүкте боп заулайды.
Ал, жер осы адамның
Бір табанында аунайды.
Өтпейді ызғар табанға, –
Неғыламыз ерте аяп.
Жер басатын адамға
Жетер еді-ақ екі аяқ.
Бірақ осы солдатта
Жалғыз аяқ – болғаны!
Екіншісін сыйлапты
Туған жердің орманы.
Елу шығар жас шама,
Қате бұлай түйген ой,
Көз орнында...
Масқара! –
Әйнек тұр көк түймедей.
Қарады алыс ол, әне,
Қарағанмен төбеге,
аспан – әйнек,
көз – әйнек,
Әйнекті әйнек көре ме!
Бар екенін көкте күн
Жылуынан сезеді.
Бұл мезгілдің көктемін
Кермесе де – өз елі!
Өз үйінде,
Жар барын
Дауысынан сезеді.
Сол бір көздің жанарын
Көрмеуге де төзеді?!
Қарайды солай қасқайып,
Кейде босап елжіреп.
Әйнек-көзге жас тайып,
Дөңгелейді көкжиек.
Көрмесе де аспанның
Бар екенін біле ме?
Баяғы жар елі де
Жар екенін біле ме?
Келеді ол солай, біздермен
Біраз жүріп қалғалы.
Бір аяғын кескенмен
Азайған жоқ қой салмағы?!
Күн төгеді жарығын,
Қайтем ақсақты аяп мен.
Бәрібір... Жерге бәрібір
Жүрсең де неше аяқпен...
Бара бер, айлар, бара бер.
Өте бер, күндер, өте бер.
Аман-сау болса қара жер
Бәрімізді де көтерер!
2
Сонау... кез... Көктем... Батыс... Жер...
Күн ғана көкте түр бүтін.
Алқынып жүріп атысты Ер,
Таза ауа үшін бір жұтым.
Іздерге қалды қан ұйып,
Бұталар бірақ елгезек.
Жататын дүние далиып,
Бір уыс болды сол мезет,
Қорғап жатыр қарысып,
Денелер мұздап... ар қызып.
Бір сүйем жерде секілді
Дүниедегі бар қызық.
О, қайран да қара жер,
Тіреді ер саған табанды.
Өзің де сенің жаралы ер,
Таңбайсың ба жараңды?!
Қара жер бірақ не білді?
Қара жер қайран – қара нар.
Қайыстырды-ау, беліңді!
Мүгедектер мен молалар...
Бұтағын мынау теректің
Жанайдар отыр пана ғып.
Кеудесі – үлкен бір кектің
Ұясы құсап қарайып.
Көздейді ол жауды бір керім,
Жылай бер, жаулар о, жыла! –
Сенің сеніп жүргенің
Мылтықтың соқыр оғы ма?
Кекпен-ақ атсақ болмай ма?
Қан шығаруға жиіркендік...
Түседі еске сондайда
Құмдағы сері мергендік.
Онда адам қауіп сезбейтін –
белгісіз: ер кім, өжет кім.
Қасқайып тұрып көздейтін
Далаға шіркін, не жетсін!
Ататын еді ол онда,
Атуды оған үйретпе.
Ататын тағы қабанды,
Жабайы қаз бен үйректі.
Ешқайсы бірақ олардың
Бұған қарсы оқ атпады.
Қарсылық бәлкім болар бұл –
Түк үнсіз өліп жатқаны?!
* * *
Бірақ... бірақ оларды
Аяушы еді мерген де,
тыпырлап жатқан қоянды
Бауыздар жерге келгенде.
Ал, мұнда ше?
Жеңеді
Аяудың заңы басқаша:
Қиналып өлер денені
Қинамай атып тастаса,
Аяудың нағыз шегі осы –
Оны да қияр жан қайда.
Кирзі етіктің шегесі
қағылды талай маңдайға.
Қып-қызыл тудың күн жағын,
Жел тербетіп – от өрді.
...Қасиетті соғыс туларын
Қасиетті қолдар көтерді.
* * *
Бұтағын сол бір теректің
Әлі отыр жігіт пана ғып.
Кеудесі – үлкен бір кектің
Ұясы құсап қарайып.
Түтінсіз жанып тұр беті,
Ашынып қатер, азаппен.
Алдында тұрған міндеті –
көп өлтіру аз оқпен.
Мергендер ойы – жұрт қамы,
мүлт кетпеу – жалғыз тілегі.
Қаншасын жаудың құртқанын
Патронын санап біледі.
Кектенсең шыдап жатпа сен,
Отанның ұлы еңселі;
Сен жауды да атпас ең,
Атады бірақ ол сені.
Демейсің қазір: сау қаппын,
Сау қалу басқа атымен,
Мергені де жау жақтың
Санайтын шығар патронын?
...Есіне түсті дала. Түн! –
Минуттар мұндай тым ұзын.
...Сарғайтып барып алатын
Жарының тосқан қымызын.
Көзге-көз біраз телміріп, –
Көлге-көл әрең сыятын.
Бір көзге бір көз жеңдіріп,
Қымсына қымыз құятын –
Ол жылдар – сонау іңірде
Сол көзге батып кетті ме?
Елжіреуші еді ет-жүрек...
Ет-жүрек бүгін кектірек.
Ол жылдар, қалды ол жылдар,
Аң атып, қымыз ішетін.
О, қымыз, қандай орның бар
Осында еске түсетін!
Жау жатты алда, қиялдың
Қымызы да емес, жар емес.
Мырс етті ол... ұялды,
сейіле берді бар елес.
Сол күндердің жүз әнін
Бір күндік соғыс жасытып
Отырды ол уын ызаның
Стволда ашытып.
Кенет... мылтық атылды,
Сілкініп қалды шөптер де,
Тәтті ойды ілез жасырды
Ащы түтін – көк перде.
Тағы да атты, бұ да атты,
Бұталар үнсіз сынады.
Біреуін бұл да құлатты,
Екінші – өзі құлады...
3
Төсекте жатыр Жанайдар
Қызарды аппақ мақта да.
Көкірегі – бұрын қарайған,
Көз алды – бүгін қап-қара.
Байланған мықтап көзіне
Түнектей мылқау бір ымырт.
Көршінің айтқан сөзіне
Қарайды бірақ бұрылып.
Көршісі: Дидар ауылын
Алады еске сағына.
– Солай де енді... бауырым.
Хат жазам деші тағы да.
Тіл қатты солай күрсініп
Жанайдар біздің – Дидарға.
– Осындай ғой тіршілік,
Дейді Дидар, – қиналма.
Қиналмау қайда; мұны ұдай
Бәрі де іштей жүр аяп.
Бір соғыстың құны ғой
Екі көз бен бір аяқ.
“Екі аяқ бар деп жүруші ең,
Сүрінсе бірі, бірі ұстап.
Енді... енді сүрінсең,
Сүрінесің дұрыстап!” –
Жиналды ауру басқа мұң,
Мұң үшін бас та – мекен ғой.
“...Сол даланың аспанын
Соңғы рет көрген екем ғой,
Қызыл сары – ала гүл –
Терген екем соңғы рет.
Қарап еді-ау, мөлдіреп
Көк аспаны даланың
Өкініш, үміт, арманым –
Ауырсынбай-ақ көтергем.
Сол даланың аңдарын
Атқан екем бекер мен.
Жар жүзіне саналы
Аз телмірдім мен неге?
Мөлдір-тұнық жанары
Құйылғанша еріп кеудеме
Қарай беру екен де,
Бәріне де ол баста.
Туған ауыл – мекенге,
Жаны бірге жолдасқа.
Жазғы бұлттың түсі де
Ұқсаушы ед ақ мақтаға.
Енді... соқыр кісіге
Бүкіл дүние қап-қара!
Жарқырап атқан таң нұры
Түнек боп мені батырды –
Сол көргенім барлығы
Көру екен ақырғы...”
4
Шықты ол ауруханадан
Өңінде емес, түсінде
Келеді қайтып, жан аман
Жұмсақ вагон ішінде...
Міне, ол енді елінде...
Үйіне кірді жігерлі:
Баласы шошып шегінді,
Жар шыңғырып жіберді...
Оянып кетті ол. Жан-жағын
Сипалап көрді тұспалдап.
Содан соң ыстық маңдайын
Ұстай алды қос қолдап...
Тағы да біраз күн өлді
Күлдерін тастап көңілге.
Жазылып шықты бұл енді
Түсінде емес, өңінде.
“Ғұмыр шіркін жас әлі!” –
”Ғұмыр шіркін, жас әлі!” –
Келмеді оған ой бөтен.
Жерді ептеп басады –
Ойылып кетер дей ме екен!..
Ол бата алмай тұр мұнда,
Бойда қауіп не түрлі:
Енді аттаса, құрдымға
Құлап кетер секілді...
Басты ақыры паңдана
Бір мүгедек бұл жерді.
Ағаш аяқ, жап-жаңа
Ізін тастап үлгерді.
Тұңғыш тамшы жас ақты
Оның соқыр көзінен...
Ол – өмірін жасапты
биік етіп өзінен.
* * *
Біразға келді ол, міне,
Қарт қайғысы, жас үні...
Ермегі мен ендігі
Өзгерді тірлік-кәсібі.
Бір жүрекпен бір өкпе
Шыныға берді күнбе-күн.
Жүктеді темір күрекке
Физзарядка міндетін.
...Шалғы берсең қолына
Жайпайды көк қияқты
Атыраудың толқынын
Есіп жүрген сияқты...
Сол жылғы еккен талы, әне –
Қолындағы таяғы.
Басына оның бір орман
Жапырағын жаяды...
Өмірді еңбек тұр ұстап,
Еңбек етпеу – мол қайғы:
“Күніне бір дұрыстап
Терлемесе болмайды!”
5
Содан бері бұл жерге
Жиырма қыс келіп жолықты.
Жиырма рет көктеп гүлдер де,
Жиырма рет қурап солыпты...
Жас шағын қайтып қия ма,
Жыл шіркін оның басына.
Қарайсың кейде ұяла
Көбіктей аппақ шашына.
Көз-жанар қатып тас болды,
Көңілді жуып тазартты ән.
Ал, мына қалған шаштарды
Мен емес пе екем ағартқан?
Осындай бір ой кінәлі
Бұрғызбай әнтек бетіңді,
Алдыңнан ылғи шығады
Қорқыттың көрі секілді...
Ағарады екен шаш неге,
Қара болса қайғы егер.
Мына бір аппақ сәскеге
Бәлкім, ақ шаш сай келер?..
Қап-қара түнде адасқан
Жолаушы қонса молаға,
Бір отын, мынау кең дала
Жақпады деуге бола ма!..
Көрмейді ол, бірақ – сене бер,
Болмасқа сену емес тек,
Жылытқың келсе оны егер
Өткен күнін елестет.
Болса егер содан нәр табар –
Азаптан басқа немене!
Сол күннің жүгін арқалар
Бүгінгі кемтар дене де.
Орнады ма екен еске нық
Қан майдан. Түтін-жабағы;
Сарғыш тартқан естелік
Сарғайтып уы сананы –
Егіліп кейде тұрады
Әйнек көзбен бұл әлі
Ақпайды бірақ тамшы жас –
Боласың тағы кінәлі.
6
“Төкпейді нұрын күн неге?..
Жатады кейде осы адам,
Домаланып іргеде
Бөтелкедей босаған.
Кейде ызғып өтеді
Кешегі жолды жаны оның.
Аралап кеп кетеді
Түстің сиқырлы әлемін:
Құбылған сурет сан түрлі
Құбылып барып кетті ұшып...
Пулемет бірде алқынды
Қызыл ала от құсып...
Енді бірде қамады
Тарғыл шаян – қаш әрі.
Танктердің табаны
Омыртқаңды басады...
Қышырлатып құм өріп,
Жатыр, әне, бір өлік.
Бейне күлдей түнеріп
біреуге ажал жүр еріп...
кенет... анау іргеден
Екі ғажап шар тулап,
Жанып ұшты бірден ол
Найзағайдай жарқылдап.
Келеді ағып жайымен
Екі нән шар іркілдек.
Жақындаған сайын ол
Үлкейеді біртіндеп.
Бір от жалын шарпыды.
Жердің бетін жеті кез.
Сол екі шар ақыры
Болып шықты екі көз...
Қатып қалды ол қылғынып –
Жо, жоқ түсі ғой әлгі.
Сонсоң бәрі ғайып боп,
Ышқына кеп оянды.
Енді бір күні көрсең ол
Рақаттанып шынайы,
Жапырақтың жел теңсеген
Сыбдырын тыңдап тұрады.
Тұрады кейде ол кейіп,
Тұрады қатып ұзақ күн,
Сонсоң қарар еңкейіп
Арнасына бұлақтың.
Кейде барып құрылысқа
Қарап тұрып бұрқанар.
Қиыршық құм ап бір мысқал
Ұнтағанша уқалар...
Өтуде солай күні оның,
Тындырар ісі – жаңағы.
Аяй көрме біреуің,
Аясаң – налып қалады.
Үміті ердің сол еді,
Өсіріп еді қастерлеп –
Сол жылғы туған бөбегін
Шығарды бүгін әскерге.
Денеге мұндай, жан асыл
Біте қалса сор бұ да...
Өскен дейді осы баласы
Жоқ аяғының орнына –
Көтерді ол әке салмағын,
Бір жерге түсіп кетед деп,
Сонда оны бүкіл ел қалың
Жүргендей еді жетектеп...
Аттандырды ол өз ұлын, –
Аттандырды дәл бүгін:
Ап қалды бірақ төзімін –
Ескі жараның ауруын.
Тыныш қой бүгін... аңдыған
Құпия қауіп бар әлі:
“Солдат!” – десе, алдына
Мүгедектер тұра қалады.
Шыдады ол жылдар сынына,
Ондағы төзім-ерікті айт!
Қоштасарда ұлына:
“Көріп барып, көріп қайт” –
Айырып мүлде болмады,
Батасы, әлде, тілегі?
Бір дір етіп қолдары,
Бір аунап түсті жүрегі.
Бұрылып ауыр денемен
Кіші ұлына, жарына,
Қайталады екен неге ол
Жаңағы сөзді тағы да?
* * *
Шығып тұр бүрі жас талдың
Адамда да осы үміт.
Бейнесін мөлдір аспанның
Көл алыпты көшіріп.
Жастығын маңай тұр сақтап,
Жанайдар ғана тұр тынып:
Аға алмаған бұршақтап
Көз жасындай іркіліп.
Өлмеудің өзі – өрлік–ті,
Өрлікті мәңгі сақта, аға,
Жиырма жыл бойы көріпті
Тек түнді ғана қап-қара.
Ал, күні қайда? ‘
Күндері
Өзге аспанмен өтеді.
Алмаса да жарығын,
Жылуын алса – жетеді.
Көзі оның, расында
Тек қара түс береді.
Ағарып кеткен шашын да
Қап-қара ғылып көреді.
Сол жылғы бір олақтық
Түзелмеген секілді.
Аспандағы сол ақ бұлт
Әлі тұрған секілді.
Ұясы ой, қызудың –
Екі көз бен бір маңдай,
Сонда көрген қызыл күн
Әлі батпай тұрғандай.
Көз шіркіннің барында
Қараушы еді-ау сүйіне:
Көреді ол жарын да
Сол келіншек күйінде...
Жақсылықты қолдағы
Көріңдерші тағы да:
Көзі барға ол-дағы
Бермейді ғой табыла.
Тез өтеді бар ғұмыр,
Тез өтпесін, тез өтсін,
Жамандықтың барлығын
Көрмегенге не жетсін...
Келеді ол, келеді,
Бұл өлкеге аты әйгі,
Соқыр демей, ел оны
Көзсіз батыр атайды.
Жерді иіскесе таяғы,
Дүр-дүр ұшып, “иманы”.
Келе ме іздеп баяғы
Жарылмай қалған минаны?
Атталған сайын сол адым
Таяқтың ұшы сұғына,
Шаншылғандай болады
Адамның жұмсақ миына.
Басы бейне орман бір
Ойлары да не түрлі.
Сол соғыстан қалған бұл
Тірі ескерткіш секілді.
Қара, дүние, қара алға,
Өзің сұлу, өзің жас!
Қара мынау адамға,
Ей, дүние, көзіңді аш!
1963





Пікір жазу