01.04.2022
  263


Автор: Абдрахман Асылбек

Телефонның монологы

Телефонмын тілім жоқ,
Бірақ, маған тыным жоқ:
Сағынысқан жүректерді жалғаймын,
Алып ұшқан тілектер боп самғаймын.
Жабырқаған көңілдерге ем болып,
Жетем лезде үздіккен бір дем болып.
Әттең... әттең... кейбіреулер еріккен,
Айырып бар еріктен,
Мені қатты қинайды,
Айылын бір жимайды.
Бір-бірінің үстінен
Боратады-ай өсекті,
Лақтырады кесекті,
Сұққылайды үскімен.
Енді біреу кезекті
Қылмыстарға келісіп,
Жоспарларын өзекті
Жатар жұптап, бөлісіп.
Біреулерде ой басқа:
Бола тұрып күйеуі,
Кей келіншек, ой, қасқа,
Сөз ағытып «жүйелі»,
Басқа еркекті сүйеді,
Бой алдырып ойнасқа.
Бұл өмірде нелер жоқ?
Керісінше, кей еркек,
Басқа әйелге барып жүр,
Өз жары тыс қалып жүр,
«Көзіне шөп салып жүр».
Көрмесе де былықты,
Көңілдері күдікті,
Көп жұбайлар налып жүр.
Мұның бәрі айдан анық мен үшін,
Мен арқылы жүретін,
Тек бір өзім білетін
Құпия сыр – келісім.
Алдамшы бір өмір-ай,
Әттең... тілдің жоғын-ай!
Тіл бітірсе, о, Құдай,
Талай сұмды шайқар ем,
Талай шынды айтар ем:
Кімнің кімді сатқанын,
Кімге кесек атқанын,
Кімнің кімді тапқанын,
Кімнің кіммен жатқанын...
Табанда ұстап берер ем
Күйеуіне әйелін,
Әйеліне дәл ерін;
Сонда ғана шын қызықты көрер ең.
* * *
Жамандықтан жаным шошып шырылдар,
Менің сондай сырым бар.
О, адамдар, мені дұрыс ұғыңдар,
Тек игі іске бұрыңдар.





Пікір жазу