01.04.2022
139
АҒА ЖЫРЫ
Қартаяр ем мен осы,
ойланбаған аз айым.
Кітабымды келесі
Қарттық жәйлі жазайын.
Кәрілік бар, ызғар бар,
Жоқ уақыт «алжуға».
Бір қарасақ қыздарға
Жасарамыз он жылға.
Жасырғанмен құлаққа
Шашқа қырау қонады.
Аяғымыз бірақ та
Үшеу болған жоқ әлі.
Қайда қарттық!
Өзі біз
Жаспыз десек болады.
Біздің екі көзіміз
Төртеу болған жоқ әлі.
Қарындастар кемеңгер,
Өздеріңсің өрен жыр.
Бізді кәрі демеңдер –
Жеңгелерің ренжір.
Біздің әр із – есепте,–
Тұлпар ма бұл, есек пе?
Қартаяйық десек те
Құтылмадық өсектен...
Қарындас-ай, қыздар-ай,
Көңілімізді бұзған-ай,
Сізден көңіл мұздамай
Қартаярмыз біз қалай!
1965