01.04.2022
  162


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

АҚ НӘРСЕНІ БІЛЕЙІКШІ ҚАСТЕРЛЕЙ …

Ақ нәрсені білейікші қастерлей –
Сенем аққа, қалай сенсе арға адам;
Әйел жаны жазылмаған дәптердей.
Жазу үшін дайын тұрар әр қалам.
Абайла, тіл, алма сөзді бүлдіріп,
Ақ нәрселер тез кірлесе – несі айып?
Біз әйелді білмесек те күлдіріп,
ептеп-ептеп ұнайтын жыр жасайық.
Мықты болсаң ақ нәрсені қорғап көр!
Оған үйір кір мен бояу не түрлі.
Біреу үшін – шимайланған сол дәптер,
Біреу үшін – басталмаған секілді.
Ақ параққа талай сөздер жазылар –
«Махаббат» деп, «қасірет» деп, «күлкі» деп.
Ал кейде бір жазылатын шағы бар:
«Бәрінің де көшіп кеткен жұрты» деп.
1965





Пікір жазу