01.04.2022
  152


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ЕҢКЕЙ АСПАН, ТӨМЕНДЕ БҰЛТ, ТӨК ЖАҢБЫР…

Еңкей аспан, төменде бұлт, төк жаңбыр,
Қорықпаңдар, біздің кеуде толған нұр.
Қара жерді қақ айыра толғандыр,
Еңкей аспан, төменде бұлт, төк жаңбыр!
Жарқылдасын алтын бұтақ – жай атсын,
Тапсыншы бір тентек дүние тоят шын.
Қара бұлт пен найзағайдың рухы
Қалғып жанған көп оттарды оятсын!
Көк сағым боп кезе-кезе тау үстін,
Қойнаулардың құпиясын тауыстым.
Толқынынан құтырынған бұлақтың
Келіп отыр қос алақан тағы ішкім.
Сілкін, жапырақ, бір сілкінсең – нең кетер,
Сен сілкінсең – бүкіл дүние желдетер...
Мен көтерем сендегі бар салмақты,
Ей, қара жер, мына мені сен көтер!
Қиналады ол жанарынан жас тамбай,
Жатыр ағып аяқталмай, басталмай.
Бұлтым болса – мен де биік болар ем
Дәл осы бір аспандай.
1965





Пікір жазу