01.04.2022
162
ҚҰРМЕТТЕЙМІН ЕРТЕ АШЫЛҒАН ГҮЛДЕРДІ…
Құрметтеймін ерте ашылған гүлдерді,
Ерте атқанын ұнатам мен таңның да.
Қандай жақсы үйден шыға келгенде
Аппақ болып таң жатқаны алдыңда.
Қандай жақсы қалса ашылып қабағың,
Әр шыққанда жаңа күн.
Қандай жақсы аттағанда әр адым,
Таңға салса алғаш ізін табаның!
Келер сонда тек шығысқа қарағың.
Шық-моншақты жіп керек-ау тізуге,
Әр тамшы шық – бір-бір көз боп жанады.
Шық үстіне басылды алғаш ізім де,
Таңғы ауаға жүзіп кетіп барамын.
Алдым – жарық!.. Бір жанатын кезім бұл,
Жанбасам да қызғанымды сезіндім.
Тек жарыққа қарсы жүрем мен кейде,
Көлеңкемнен қашқан кезде өзімнің,
Ғажап! Ғажап таңды көзімше атырдым,–
Келді бәрін дауыстап кеп шақырғым.
Дөңгеленіп ып-ыстық шар-күн тұрды
Иығында Алатау мен ақынның...
1965