01.04.2022
  100


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ЖАЛПАҚШАҒЫЛ ШӨЛІ

Мезі болып тынбай соққан сар желден
Дала жатыр – қоңыр айдын көлбеп бір.
Сулы сорлар көрінеді әр жерден
Құмға батқан сынығындай шөлмектің.
Желдің демі, құстың даусы, шөп үні –
Сол құлақты қанша жатты кеміріп?
Сор-тақырдың жалақ болған еріні
Қатып қапты қимылдауға ерініп.
Айғыз-айғыз әжім жыртқан шықшыттай
Дала жатыр, жалғызсырап жатыр мұң;
Шимайлана, шимайлана түк шықпай
Ұмыт қалған парағындай ақынның.
1965





Пікір жазу