31.03.2022
  168


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ДӘУЛЕТКЕРЕЙ - ТОПАН

Көзіме жас кетті іркіп,
Сүйсіну ме, күйік пе.
Қара мойын көк бүркіт,
Қалқуын-ай, биікте.
Түндік ашық, жел тымық,
Күй келеді тыңайып...
Алып едім желпініп,
Қалдым содан мұңайып.
Биіктік қой – сүйікті ой,
Ой сүйем деп мақтанба.
Шаңырақ та биік қой,
Шалқасынан жатқанға.
Екі көзім – сегіз боп,
аласа едім жетпеген –
биіктедім, сені іздеп
қарай-қарай көкке мен.
Сені күтіп қарайлап,
Жас ұлғайса – шер дедік.
Өрлік жәйлі көп ойлап,
кеттім бе екем өр болып.
Кеттің, мені тастадың,
Тұтқын ғып ем – кекті ме ең,
қатал екен аспаның,
қатал болып кетті иең.
Жә, қойшы оны, сөкпеймін,
Сен қырансың, мен бе
Мен?
Ашу, өкпем жоқ деймін,
Сыймаған соң кеудеме.
Ал, енді айтшы, ұққандар
елді ұмытып кетпей ме;
тым аспандап шыққандар
Жерді ұмытып кетпей ме?
1 Топан – Дәулеткерейдін бүркіті. Күйші ылғи торда ұстауға аяп, босатып жібереді. Жыл
өткен соң Топан үйреншікті мекеніне қайтып оралады, ашық түндіктен төбесінде қалқып
жүрген бүркітті көріп, күйші осы күйді шығарады.
1967





Пікір жазу