31.03.2022
  117


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

БҮГІН ҚЫЗДАР, ТЕЗ ӨСКЕН…

Бүгін қыздар, тез өскен
Сұлулықтар дер ем мен.
Ол сұлулық
емес тек
қосу үшін өлеңге.
Жаның болса – сүйінгіз,
бозбалада көңіл мәз.
Деуші едік қой,
Сұлу қыз
Өнерде – көп,
Өмірде – аз.
Үйіріліп бір батады
беттің ұя-шұңқыры.
Өтіп бара жатады
Өріп тастап күлкіні.
Кірпікті көп көтермей
Көрінеді-ау бұ шақта.
Жоқ боп еріп кетердей
Ыстықтау бір құшақта.
Ауызбен тек өндіріп,
Қыздар аға десе де,
қарамаған боп жүріп,
қалғың келед көшеде.
Сен – көзіңді сүйінгіз,
бозбалада көңіл мәз.
Дей алмайсың:
Сұлу қыз
Өлеңде – көп,
Өмірде – аз.
Сұлулар көп.
(бұрынғы
ұғымдар жоқ әмәнда)
бұзып шығып жырыңды
тарағандай алаңға...
1967





Пікір жазу