31.03.2022
  163


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ӘЙЕЛ ЕДІ ДЕП ЕМЕС…

Әйел еді деп емес,
күйін бәрі сүйіпті.
Дина апай
Ере емес,
Сол өнерге тиіпті.
Өйткені ол би-елді,
айналдырыпты ерке-елге,
бар екенін күйеудің
ұмытып күй шертерде.
Өйткені ол айнысты
босағамен,
«Күнә» ғып –
келін деген байғұсты
Шаршы төрге шығарып.
Матапты ол ұрыны
Міне қуып қасқа атқа.
Әйел деген ұғымды
Сонда-ақ сызып тастапты.
Болыпты ерлер,
бай елде
көп десең де иланам.
Еркектігі әйелдің
басталыпты-ау Динадан.
1967





Пікір жазу