ДИНА - 1916 ЖЫЛ
Бірінші өлең
Құрық, сойыл белдеулерде тұр андап:
Азамат жоқ елде емге.
Кештіғұрым қыр басына ербеңдеп
Шал-кемпірлер шығып-түсіп келер тек,
Азамат жоқ елде емге,–
Сойыл, құрық қақсып қапты белдеуде.
Сәйгүліктер арқандалар жазыққа
Ешкі-лақты жатқызыпты көгендеп.
Сәйгүліктер байланатын қазықта
Жатыр жалғыз қызыл бұзау елеңдеп.
Азаматтар атпен жортар жол-дағы
Тарылыпты, шөп шығып.
Тозған тұмақ – төзімді бас, болғаны
Сол баяғы аңқаулық пен жоқшылық.
Бүкіл елден бар жақсылықты алған да –
Түк қалмаған, бір күнді бір күн ұтып.
Ауыл дел-сал, қалғандай
Қайғыруды да ұмытып.
Бір қарт қана төңбекшиді төсекте:
Ғұмыр бойы шеккен жәбір-жапасын
бүгін ғана есептеп.
Ал, далада бұралқы көк күшікті
бір топ бала қуалайды кесектеп.
Азамат жоқ елде емге.
Әр үй сайын құрық, сойыл белдеуде –
Қаңтарулы қалған күйі;
Бір түрлі...
Елестейді маған бұл:
Сол бір керең заманның
Құра салған антеннасы сықылды.
Екінші өлең
Дастарқан «бар мәзірін» құртпен демеп,
Ортаға ап кемпірді отыр жұрт дөңгелеп.
Күй тынды.
Көз жасыңды, қыз-келіншек,
Жыламау үшін тағы – сүртпеу керек.
Жақсы ғой қуатты күй – сырласарға,
Қатайтты бос мойынын бір бас анда.
Әсерлі-ау үн дегенің – үн қашан да,
Есектің құлағымен тыңдасаң да.
...Мүйіздеп жағал ешкі жатты іргені,
– Жыртады-ау ірге-аяқты қатқыр неме!
– Келінжан, кетті білем күн сіркіреп,
тезекке жаба салшы қап бірдеңе.
...Жігітке әскер болу – ерлік,
демек,
киізді патша басса – ел бүктемек...
– Қой оны,
Одан да әлгі Батырбайлар
кеп қалса атқа тоқым, терлік керек.
Көрген жоқ сонда да көп ел еңіреп,
Отырды, әттең, көптен төменірек.
Мәз бопты ақ көңіл шал,
Қасіретің де
Ұмытпай мына бізді еледі деп.
Күйігі – шырқап салар өлеңі боп,
Иығы – кең даланың көлемі боп,
Салып ап сапты аяқты,
Шаруасына
Жөнепті, аман болса келеді деп.
Ал, күйші шығарып сап жұртын демеп
ойлапты домбырамен бір түн бөлек.
Күй солай...
Күлу үшін, қыз – келіншек,
Көз жасты жылдамырақ сүрту керек!
1967