30.03.2022
  292


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ДАРИҒА...

Дариға!
Басқан сайын әр адым
бір нүктеге жақындап-ақ барамын,
Жеткенім жоқ бірақ әлі, ол – алыс
Кетті тағы... қайдан болсын демалыс!
Сәл кідірсем... кідіре алам мен қайтып –
алардаймын сол нүктені жоғалтып.
Тағы аттаймын, аттадым ба мен осы?
Не күтіп тұр қырқалардан келесі?
Әр жанарда қараңдайды бір нүкте,
дәл осынау алқынысқан тірлікте.
Өмір – кітап сөзден шебер қалаған,
оқып бітуге асығады әр адам...
Кейбір жанның жолы тіпті қойды өнбей,
Көке-мылжың құрып қойған сөйлемдей,
өз нүктемді мен де қуам, қуам мен
бойымдағы бар желікпен, шыдаммен –
Жетер ме екем? Жетпеспін-ау, әй тегі!
Ал, кенеттен...жетіп қалсам қайтемін?
1965





Пікір жазу