30.03.2022
227
МУЗА МЕН МҰҢ АУЫРЛАТТЫ БІР-БІРІН…
Муза мен мұң ауырлатты бір-бірін,
Қатпар-қатпар бұлт үстіне бұлт қонып.
Елден ерек өсіп еді бір гүлім,
Ол да міне... жатыр екі бүктеліп.
Көңіл деген – бір үлпілдек мақта ғой,
Кірлі қолдар ұстауға оны қымсынбақ.
Таң алдында қармағымды қапқан ой
Қалтқымды батырады шым-шымдап.
Мен де ұнатпай отыра алман «Мен» деуді,
Менің қолым – көп жағада кеткен қол...
Қоңыр далам, көрсетер ем бейнеңді,
Ми жетпейді, момындығым жеткенмен.
Жүз күдікке қарсы жалғыз келді үміт,
Майдан ізі көп өлікті санатты.
Оған да мен кете бердім көндігіп
Қайқаң етіп бір шытқан соң қабақты...
1965