30.03.2022
  185


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

ҚҰРМАНҒАЗЫ-БАЛҚАЙМАҚ

Өкпеле, не тілде,
болады жан қилы.
Күрең шай бетінде
балқаймақ қалқиды.
Жас болса қонағың,
болса өзі өнерлі,
ұмытпа, қарағым,
қыз болу дегенді.
Әуелі шай ұсын,
құя алсаң – жетеді,
Сөз таппай майысып,
ұялсаң – жетеді.
Кірпікті төмендет,
Сәл қызар – жетеді;
дәл осың өлең боп
күйдіріп кетеді.
Сал шайды күп-күрең,–
Жантайса қонағың.
Ал, ондай «мықтымен»
Сағырақ бол әрі.
Қолың аз именіп,
құй әлгі...
кесені.
Бәрі де күй болып
туады деседі.
Ойдың да тосыны-ай,
содан соң... білсін кім.
Осылай, осылай
Өзін бір күрсіндір –
жаман ба, сыр бүгіп
кетсе ішке от жанар.
Тым құрса бір жігіт
мұңайып аттанар.
Өкпеле, не тілде,
бар дейді жан қилы.
Күрең шай бетінде
балқаймақ қалқиды.
Жас екен қонағың,
ал, өзі өнерлі.
Ұмытпа, қарағым,
қыз болу дегенді....
1967





Пікір жазу