ҚҰРМАНҒАЗЫ-ТҮРМЕДЕН ҚАШҚАН
Күйші қашты түрмеден,
Қорыққаннан емес қой.
Айдын-құмға сіңіп кетті бір дене –
торыққаннан емес қой.
Күйші қашты түрмеден,
сыңғырынан бұғаудың;
жыңғылына даланың.
Ыстық ұрды маңдайға –
Көкірегінде бірте-бірте еріді үн.
Күйші қашты мазағынан түрменің
азабына бүкіл байтақ елінің.
Күйші қашты – күй мәңгі азат деп еді,
Оны бірақ кез келген тор қамады,
Не кеңшілік беріп еді сол өмір
кеңдігінен басқа туған даланың!
Дала жатыр,
Жиылымапты-ау етегі,
кеңдік жатыр өзіне-өзі күш бермей,
Қыр бастары қараң-қараң етеді –
ақиықтың көлеңкесі түскендей.
...Күйшіге тек кеңдік болса – болады,
топырақты танымасын, танысын;
Желк-желк етіп ақ селеуі даланың
үдетеді ақ боз аттың шабысын.
Бүкіл маңай тарғылдана береді,
күй оянып келе ме әлде зердеде?
Шөп ызыңы – бостандықтың өлеңі
мынау жер ме,
әлде сансыз перне ме?
1967