28.03.2022
  111


Автор: Абдрахман Асылбек

Жан сақтау ма әлде қақтау ма?

«Бақсыға барсаң, бақтыр дейді,
Тәуіпке барсаң, қақтыр дейді», –
Деген сөз тегін бе?
Не болмайды өмірде?
Бақтыр дегені – қойыңды сойып,
Барыңды алдама қойып,
Шашылып қал дегені.
Қақтыр дегені – қалтаңды қағып,
Қарызға болса да, ақшаңды тауып,
Қалтама сал дегені.
Жаны қысылған адам несін аясын?
Бар болса, асып жал мен жаясын,
Тышқақ лағы болса да сойып,
Бақсының алдына қойып,
Есіне алмай Құдайды,
Бақсыдан жансауға сұрайды.
Тәуіп дегені – кейін шыққан емшілер,
Емші емес, елді жеушілер.
Ақшаң болса, емдейді,
Ақшасыз, жалынсаң да көнбейді.
Ақша берсең болды,
Айла жасап оңды-солды,
Емдеген болады,
Алдап соғады.
Одан ауруың басылмайды,
Керісінше, асқындайды...
Бақсыдан да, тәуіптен де
Үдей түсіп қауіп мүлде,
Халің бітіп тұрады,
Өлім күтіп тұрады.
* * *
Мына жетілген заманда
Құрмет арта түскен адамға:
Денсаулығыңды тексеріп тұрады,
Қызметіңді ескеріп тұрады.
Республикаға еңбегі сіңген
Қайраткер болсаң, емдейді бірден.
Кезінде керемет бейнеткер болсаң,
Қарапайым зейнеткер болсаң,
Онша көңіл бөлмейді бірден.
Сені адам құрлы санамайды,
Жөндеп қарамайды.
Қайта-қайта барып, запы боласың,
Дәрі-дәрмекті сатып аласың.
Ауруың меңдеп, оташыға барсаң,
Басталады нағыз сарсаң.
Халге жетсең де өлетін,
Ақшаң болмаса беретін,
Уақытты соза береді,
Дертің қоза береді,
Жүйкең тоза береді.
Ондай кезде оташың
Көрсетіп тек жотасын,
Сен өлім аузында жатасың.
Табылмаса жанашыр,
Қайдан дауа табасың?
Жан жылуы болмаса дәрігердің,
Қаншама дәрі берсін,
Босқа әбігерсің.
Жанашырың ақша тауып,
Алаөкпе болып барса шауып,
Оташы ісін бастайды,
Аяқ-қолыңды матап тастайды,
Керекті-керексіз жеріңді отап тастайды.
Одан тірі қалсаң – қалдың,
Қалмасаң – о дүниеге бардың.
Сонда, бұл денсаулықты сақтау ма?
Әлде, жаныңды отқа қақтау ма?





Пікір жазу