27.03.2022
  210


Автор: Абдрахман Асылбек

Ақын мен әкім

Жамбыл облысына қарасты
Ауданына Таластың
Келіпті деп барып ем
Жаңа әкім жарасты.
Жаңа жылдың қарсаңы,
Аз ба әуре-сарсаңы.
Жиналыстан шықты әрең,
Мүмкін, қатты шаршады.
Келіншегім қасымда,
Көңіл шіркін тасуда.
Қызметімен әкімді
Құттықтадым расында.
Қаратаудың қаласы,
Алматы мен арасы
Жеті жүздей шақырым
Болып қалар шамасы.
Біраз ұзақ жол еді,
Жеткеніміз сол еді,
Досан мырза сараң ба?
Шәй ішіңіз демеді.
Жаңа жылдың алды деп,
Жеңгей келіп қалды деп,
Ұсынбады конфет те,
Көңіл қатты қалды тек.
Қонақ келсе, шат күліп,
Күткен қазақ тақ тұрып.
Үйге жылан кірсе де,
Шығаратын ақ құйып.
Қайда жақсы салтымыз?
Кең пейілді дәрпіміз?
Сыйластықты ұмытсақ,
Кім болады халқымыз?
Ел сыйына сай қонақ,
Емес ем ғой жай қонақ.
Неге аудан әкімі
Жүз танытты тайғанақ?
Тыным таппай күн-түні,
Жырлап жүрген жұрт үнін,
Баласы ем ғой белгілі
Бүкіл қазақ жұртының.
Талас туған жерім ғой,
Талас думан елім ғой.
Ел мен жердің мен де бір
Азаматы едім ғой.
Болса болар әкімің
Жүзіндей-ақ бәкінің.
Туған елдің есінде
Қалар мәңгі ақының.





Пікір жазу