Дарақылық
«Бір тәттінің бір ащысы бар,
Бір тоқтықтың бір аштығы бар» –
Деген екен бабаларымыз,
Ақылы кен даналарымыз.
Байлар соны біле ме екен?
Қаперге алып жүре ме екен?
Өмірге бала келсе де,
Оған есім берсе де,
Жетіге жасы жетсе де,
Мұсылмандық рәсім етсе де,
Мектеп есігін ашса да,
Оқуға түсіп жатса да,
Қалтаға диплом салса да,
Бас құрап, әйел алса да,
Бойжтіп қызы, толса да,
Ұяға өзге қонса да,
Жұрт алдында мақтанып,
Бары-жоғын ақтарып,
Дүркіретіп думанды,
Тойды жасап жатқаны.
Бай болған соң қалсын ба?
Басады зор аршынға.
Өзгелерден қалыспай,
Түседі кеп жарысқа-ай.
Мейрамхана таңдайды,
Ең қымбатын жалдайды.
Тек өзіне ұнаған,
Кем дегенде мың адам
Тойдың болып қонағы,
Орындарға қонады.
Әншілер мен кұйшілер,
Өнерпаздар, бишілер,
Асабадай езбе де,
Шақырылады өзге де...
Дастарқан кең жайма болады,
Түрлі тағам пайда болады:
Жеміс-жидек үйіліп жатады,
Арақ-шарап құйылып жатады.
Қазы-қарта кесіліп жатады,
Балық, тауық көсіліп жатады.
Ет қазандап асылып жатады,
Табақтап тасылып жатады.
Сүлгі қағаз, орамал ма,
Обалға қараған ба?
Беталдына шашылып жатады,
Аяққа да баслып жатады.
Ақырында жұрт мас болып,
Айқай-шуға мәз болып,
Не ішіп, не жегенін,
Не сөйлеп, не дегенін
Білмей де қалады,
Артық ас жүрмей қалады.
Қалған тағам қала береді,
Алған адам ала береді.
Артылған астың бар қызығын
Даяшылар дара көреді.
* * *
Айтар болсақ асырмай,
Бір тойға тап осындай
Қанша ақша жұмсалар?
Есебін оның кім санар?
Игілік іске жүрмейтін,
Қайырымды білмейтін
Той иесін кімге теңейміз?
Дарақы демей, не дейміз?