27.03.2022
  151


Автор: Абдрахман Асылбек

Сатирик Садықбек

Қасында екі баласы,
Қырықта жасы, шамасы,
Одаққа келді бір әйел,
Ақысы бардай аласы.
Сол кездегі хатшыға,
Әди сынды басшыға
Шағымын айтты ашына,
Екі көзден жас шыға:
Садықбек деген қу екен,
Сөзі сылдыр су екен.
Айтар болсам анығын,
Барып тұрған сұм екен.
Әдекең түкке түсінбей,
Сасып қалған пішінде,
Былай деді әйелге:
– Отырсыз Одақ ішінде.
Орынсыз тулап, таспаңыз,
Әдептен озып, аспаңыз.
Кімсіз, қайдан келдіңіз?
Сөзді жайлап бастаңыз.
Деді әйел: – Ағасы,
Жоқ ешкімнің таласы.
Мына екі домалақ –
Садықбектің баласы.
Қызылжардан біз келдік,
Ары-бері іздендік.
Садықбекті таба ламай,
Амалсыздан сізге ендік.
Бұрмай бізге басын бір,
Үш жыл бойы қашып жүр.
Безіп балаларынан,
Қалай жерді басып жүр?
Деді Әдекең:
– Ант ұрған,
Кімді дауға қалдырған?
Туған екен егіз боп
Екі бірдей балдырған?
Садықбекті дақпыртты
Таптыртты да шақыртты:
Неге басқа тебесің
Келіп тұрған бақытты?
Жас емессің желіккен,
Қашып жүрсің неліктен?
Балаларды алып кет,
Керік сынды керікпей.
Сол бір сәтте Садықбек
Туласыншы жатып кеп:
Танымаймын бұларды,
Қайдан жүр мені тауып кеп?
Әйел айтты сонда оған:
Сөзің құрсын, оңбаған!
Он күн жатып: «үйленем», –
Деп едің ғой сен маған.
Қараңды содан батырдың,
Күте-күте аһ ұрдым.
Сендей суайт сұмпайға
Қалай ғана шатылдым?
Таусып төзім-шыдамын,
Хатшы үкімін шығарды:
Үйіңе алып барасың,
Жанұям деп бұларды.
Садықбек басты бұлаңға:
Қатысым жоқ бұларға.
Іссапарға барғанда,
Адастым ғой тұманда?
Қай үйге кім түспейді?
Қымызды кім ішпейді?
Қатыным бар ғой некелі,
Енді оған не істеймін?
«Сұрауы бар судың да»,
Қулары бар қудың да.
Қайырасың өтеуін,
Қылмысты іс қылдың ба?
Егіз тапқан ана да
Қалмасын бос далада.
Төлейтін бол алимент
Мына екі балаға.
Ымырыға келгендей,
Келісімін бергендей,
Былай деді Садықбек,
Әдекеңе көнгендей:
Бір болғанмен «мекені»,
Екі түрлі екеуі:
Сарысы маған ұқсайды,
Қоңырқайы – бөтені.
Біріне ғана алимент
Төлесем де жетеді.
Керек десе екінші
Тауып алсын әкені.
* * *
Солай депті Садықбек,
Бір баланы танып тек.
Сатирикке осындай
Не демекші халық көп?


 





Пікір жазу