Төлқұжат
Сымбат деген сыйлы апа,
Тоқсанда да күйлі апа,
Тоқсан бес жасқа келгенде,
Шөбере, шөпшек көргенде,
Үрім-бұтағы баптана,
Той жасады шаттана.
Шырқап әсем әніне,
Айтып жатты бәрі де,
Жайып тастан жүрегін,
Ақтарды ақ тілегін:
Айналайын жан әже,
Жүрекжарды ән әже,
Жалғастары іздердің –
Алдымызда біздердің
Тау суындай тасыңыз,
Жүзге жетсін жасыңыз.
Сымбат ұқты-ұқпады,
Дей алмаймыз құптады.
Әй, бірақ, бұл тілектер
Көңілінен шықпады.
Жаутаңдатып жанарын,
Қар басқандай қабағын:
Бәріңнің де – деді ол, –
Тілектерің бағалы.
Бірақ, ойлы бас жоқ па?
Жүрер жолым тас боп па?
Айтыңдаршы шындығын,
Жүзден басқа жас жоқ па?
* * *
Сыйлы әже Сымбаттың
Келіп тағы кезекке,
Құжат алу қажет пе?
Деді сонда хатшы қыз:
Жазған заң ғой басшымыз.
Арттық айтты демеңіз,
Заң айтқан соң, көнеміз.
Он күннен соң келіңіз,
Өмірлік құжат береміз.
* * *
Сымбат көпке бармады,
Қысты кесел салмағы.
Он күн өтпей арада,
Қапты ажал қармағы.
АХАЖ заңды мекеме,
Заңнан асып кете ме?
Істеріне бекем ғой
Қарттар үшін бөтен ғой,
Оларға «о дүниелік»
Құжат береді екен ғой.