Монша туралы хикая
1
Моншаға барғандарды кім дейміз?
Ғибадатханаға барғандармен бір дейміз.
Онда барғандар,
Ниет қыла қалғандар,
Тәнімен тазаруға барады,
Жанымен ағаруға барады.
Күнадан арылуға барады,
Жеңілдеп қалуға барады.
Кәрісің бе, жассың ба?
Қызыметте бассың ба?
Ол жерде есеп емес,
Көсемің көсем емес,
Мешелің мешел емес,
Пенденің бәрі бірдей,
Жалаңаш тәні бірдей.
Зор болсаң да соншама,
Еленбейсің оншама,
Пенденің бәрі бірдей моншада.
Адам деген, алайда,
Алды-артына қарай ма?
Киімдерін шешіп тастайды,
Бет пердесін ашып тастайды.
Тәні сүйіп ыстық суды,
Жаны сүйіп ыстық буды,
Көңілдері өсіп кетеді,
Берекесіз бөсіп кетеді
Шеттерінен шешен болып кетеді,
Көпшілігі көсем болып кетеді.
Монша іші базарға айналады,
Қайнап жатқан қазанға айналады.
Біреулер өткендерін айтады,
Әдібұлыққа жеткендерін айтады.
Біреулері көргендерін айтады,
Қайдан келгендерін айтады.
Тыңдап тұрғандай Құдайы,
Біреулері өкіметті сынайды.
Қолынан келгенше қарғайды,
Барлық жаман сөзін арнайды,
Айтпағандары қалмайды.
Сөйтіп, күнаға батады,
Құдайлары атады.
Басшыларды көктен алып, жерге салады,
Керек десең, көрге салады.
Ай дейтін ажа жоқ,
Қой дейтін қожа жоқ.
Орынсыз айтқандарды ақтап болмайды,
Керемет деп мақтап болмайды,
Ауыздарына қақпақ болмайды,
Монша деген Парламенттің залы емес қой,
Айтқандары заң емес қой,
Не операда айтылған ән емес қой.
«Бозадағы сөз боққа аспайды,
Құзғын ұшып, көкке аспайды»,
Деген сөз қайда, туғандар?
Күпіршілік қылмаңдар.
Бардың екен моншаға,
Бөсе бермей оншама,
Тәндеріңмен тазарыңдар,
Жандарыңмен ағарыңдар.
2
Адам не үшін түседі моншаға?
Күні бұрын жиынып,
Буынып та түйініп,
Әуреге түседі соншама?
Бостан-бос еріккеннен,
Немесе желіккеннен
Бармайтыны белгілі,
Жақсы біледі ел мұны.
Бойындағы кірден,
Еңсесін басқан зілден
Тәнін тазарту үшін барады,
Жанын ағарту үшін барады.
«Тәні саудың жаны сау»
Деген сөз көптен таныс-ау.
Ыстық сумен суланып,
Ыстық бумен буланып,
Денедегі кірі езіліп,
Жеңілденгені сезіліп,
Бойы сергіп қалады,
Ойы өрбіп қалады.
Бар қызық осы жерден басталады,
Сөздер ағылады асқаралы:
Біреу өткенін айтады,
Қандай биліктерге жеткенін айтады.
Өткен кезеңнің тәуірін айтады,
Бүгінгі күннің ауырын айтады.
Қара сирақ кедейміз дейді,
Жөнді тамақ жемейміз дейді.
Барлық байлық билікте дейді,
Кедей болсаң, килікпе дейді.
«Еш нәрсеге жарамайды, –
Деп, үкіметті қаралайды:
Атқарушы деген аты болмаса,
Атқаратын ісі жоқ, заты далбаса.
Бар шаруа жекеменшікке таралып кеткен,
Қулардың қолына қаралып кеткен,
Қарындары майланып кеткен,
Қысқасы, біздің өкімет
Жемқорлыққа айналып кеткен».
Осыдан кейін Парламентті даттайды,
Мақтайтын депутатты таппайды:
«Шығарған заңдар мойындалмайды,
Өйткені, орындалмайды.
Басшыға бастарын шұлғып отырады,
Қала берді, қалғып-мүлгіп отырады».
Басшыны да төрден алып, жерге салады,
Керек десе, көрге салады...
Моншаның іші сонда,
Парламант залынан зор ма?
Моншаға барғандар,
Қызынып алғандар
Өздерінің қайда отырғандарын білмей,
Құдайды көздеріне ілмей,
Сыраларын ішіп алады,
Ауыздарына келгендерін құсып бағады.
Келеңсіз кез келген,
Сандырақ сөздерден,
Жанымды сауға дедім,
Тіршілігіме тәуба дедім.
* * *
Моншаға ақылы бар адам
Тыйылып сөздерден дән аман,
Тәнін тазарту үшін барады,
Жанын жаңарту үшін барады.