27.03.2022
  115


Автор: Абдрахман Асылбек

Қоңыздар

Мен өмірді толқынды теңіз деймін,
Сол толқыннан маржан сөз – кен іздеймін.
Ал, тек қана байлықты мансұқ тұтқан
Туысымның бәрін де қоңыз деймін.
Мен оларды кім дейін қоңыз демей? –
Ақша қуған, адамдық жол іздемей.
Үйге келсе, мүлкіммен бағалайды,
Ойға батып мүлгіген мені іздемей
Қоңыз-дағы өзінше еңбек етер –
Боқ илеуді жаз бойы ермек етер.
Құмалағын күз күні інге тығып,
Тас қараңғы қыс бойы көрге кетер.
Көрдегі адам – бәрібір өлген адам,
Жазғанына жазмыштың көнген адам.
Ит тірлікпен өтуге тиіс емес,
Құдіретіне Құдайдың сенген адам.
Мақтанбаймын дүние жиғаныма,
Шүкіршілік сенім мен иманыма.
Ризамын Алланың мейіріммен
Жарық сәуле санама құйғанына.





Пікір жазу