27.03.2022
  204


Автор: Абдрахман Асылбек

Сатқындар

/Қазақ тіліне қарсы шыққан депутаттарға/

Сатқындар, Сатқындар!
Бәрін де, бәрін саттыңдар:
Қазақ деген бабаны да саттыңдар,
Олар қорғаған қаланы да саттыңдар,
Кең байтақ даланы да саттыңдар.
Әлем мойындай бастаған,
Құлашын кеңге тастаған
Мұсылман дінін де саттыңдар,
Ұсынған пірін де саттыңдар.
Ең ақырында қазақтың
Ана тілін де саттыңдар.
Сатқындар, сатқындар!
Депутат болу үшін,
Жылы орынға қону үшін,
Өтірік уәде беріп бақтыңдар.
Сатқындар, сатқындар!
Сауысқаннан да сақсыңдар.
Заң қабылданар алдында
Түрлі айла таптыңдар.
Өздерің қазақша білмей тұрып,
Қазақ тіліне тас аттыңдар.
Ондағы ойларың белгілі –
/Білмейді деймісің ел мұны/
Балаларың бар нақ мұңдар,
Шала қазақ шапқындар.
Соларға кең жол ашуға,
Орындарыңды басуға,
Құйтұрқы амал таптыңдар.
Сендерге керек емес тіл –
Оларға қиял, елес құр,
Әкеге еріп бас бұлғар.
Жастардыкі деп болашақ,
Несіне кеуде қақтыңдар?
Ана тілден неге бездіңдер?
Сонда, не қауіпті сездіңдер?
Сұрауға соны қақым бар.
Қазақтың тілі – ана тіл!
Қазақтың тілі – дана тіл!
Сол тілден туған ақындар:
Махамбет, Абай, Жамбылдар
Сол тілден туған хандар да,
Қобыланды, Тарғын, Қамбар да,
Солармен ғана даңқың бар!
Ана тіліміздің бастауы –
Арғы аталарымыз – сақ, ғұндар.
Төрт жүз жыл түпкі төркіні,
Айырған зорлап еркіңді,
Орысқа қалай жақсыңдар?
Құлшылықпенен күн көріп,
Айтқанына көніп бақтыңдар.
Бабалар олай етпеген,
Қандарын текке төкпеген,
Жауына жасап шапқындар.
Найзаларының ұшымен,
Білектерінің күшімен
Көтеріп қолға ақ тулар,
Ордасын тіккен бақтың дәл.
Қорғаған сөйтіп тілін де,
Қорғаған сөйтіп дінін де,
еткізген сөйтіп бүгінге,
Ал, сендер бәрін саттыңдар!
Өз тіліңді өгей сезсеңдер,
Өзекке теуіп безсеңдер,
Одан өткен қандай сатқын бар?
Сендерді сеніп сайлаған,
Опық жеп, қаны қайнаған
Халықтың қарғысы атсын дәл!
Қорықпасаңдар халықтан,
Күнәңді түбі танытқан,
Құдайдың жазасы тапсын дәл!





Пікір жазу