27.03.2022
  135


Автор: Абдрахман Асылбек

Тірілсін десек тіліміз

Тірілсін десек тіліміз,
Түрілсін десек түніміз,
Болуы керек бұлтақсыз
Ата заңымыз – піріміз.
«Мемлекет тілі – қазақ тіл»,
Дегені қандай ғажап бұл!
Орыстың тілі тең түрде
Қолданады деуі ағат бір.
Орыстың тілі былай да,
Біреуден көмек сұрай ма?
Басынып бізді біржола,
Батырған жоқ па лайға?
Сындырып сана, сағымды,
Қаншама мектеп жабылды.
Ұмытып жастар өз тілін,
Орысша сөйлеп қағынды.
Қала мен қыстақ, көше де,
Өзен мен көлдер нешеме
Өзгеріп кетсе орысша,
Көгерсін қалай көсеге?
Сейілген кезде бір қауіп,
Оралу кері – шын қауіп.
Біртіндеп жанды жайлаған
Орыс тіл бізге шырмауық.
Тілі бар халық – халық қой,
Тілі жоқ халық – балық қой.
Мәңгілік тірі мәңгүрт боп
Сүруің өмір – тамұқ қой.
Деген ұлт Қазақ бір ғана,
Анықтар оны тіл ғана.
Еркіндік алған екенсің,
Анаңның тілін былғама.
Мемлекеттік қос тіл болмайды,
Жыланнан көргін ондайды.
Орыс тіл қорлық көрмейді,
Қазақ тіл өлсе – сол қайғы.
Тірілсін десек тіліміз,
Түрілсін десек түніміз,
Болуы керек бұлтақсыз
Ата заңымыз – піріміз.





Пікір жазу