27.03.2022
  143


Автор: Абдрахман Асылбек

Аурухана бөлмесінде

Аурухана бөлмесі,
Мұнда түсе көрмеші.
Жатады екен бұл жерде
Алланың сан пендесі.
Байлығына сене ме?
Дені саулар келе ме?
Ауырмаған Алланы
Ауызға ала бере ме?
Ұшыраса кеселге,
Кесел арты мешелге,
«Аһ» ұрады «Алла!» деп,
Еске алмаған есенде.
Бармай басты панаға,
Тез жазыла қала ма?
Ауырған соң, амалсыз
Түседі ауруханаға.
Қолдаушы да дәрігер,
Қорғаушы да дәрігер.
Айыққанша ауруы,
Болады ол әбігер.
Сүйсін, мейлі сүймесін,
Ағытып ау түймесін,
Құйрығына қадайды,
Ем болсын деп инесін...
Түнге қарай басқа өмір,
Күндізгіден пәс көңіл.
Таң атқанша бөлмеде
Маза кетер пәсте бір.
* * *
Біреу жылап жатады,
Әкесі өлгендей.
Біреу құрақ атады,
«Көкесі» келгендей.
Біреу қорсылдайды,
Танк келе жатқандай.
Біреу тарсылдайды,
Көлден үйрек атқандай.
Біреу сылпылдайды,
Жуындырып жатқандай.
Біреу қықылдайды,
Буындырып жатқандай.
Біреу ыңқылдайды,
Іші кеуіп кеткендей.
Біреу шиқылдайды,
Ішіне тай тепкендей.
Біреу тұра қалады,
Төсегінен жарбаңдай.
Біреу тына қалады,
Демі бітіп қалғандай.
Біреу зарлап жатады:
«Ойбай, жаным, мамалап».
Біреу қарғап жатады,
Әлдекімді табалап.
Біреу бақырып жатады,
Ақыл-естен танғандай.
Біреу шақырып жатады
Медбикені жан қалмай.
Бәрі бірге қосылғанда,
Үлкен бір хор болады.
Жаны шындап қысылғанда,
Хор емес, сор болады.
Таң атқанша осылай,
Безгің келер бөлмеден.
Мұндай азапты, досым-ай,
Дұрыс болар көрмеген.
Медбике кеп сәріде,
Инелерін салады.
Бір мезетке бәрі де
Тыныштала қалады.
Аяр болса пендесін,
Тазартып ой-зердесін,
Бұл секілді азапты
Құдай басқа бермесін.





Пікір жазу