Қылықты қыз
Жалт-жұлт етіп жүрісің-ай,
Күншуақтай күлісің-ай.
Сылдыраған бөктердегі
Ерке бұлақ үнісің-ай.
Айдың әппақ нұрысың-ай,
Қырдың қызыл гүлісің-ай.
Жан тербеген қылығыңмен,
Жігіттердің пірісің-ай.
Қайырмасы:
Ей, қылықты қыз, қылықты қыз,
Желіктірген жігітті, қыз.
Сендей сылқым сымбаттыдан
Бәріміз де үміттіміз.
Көрген күннен, қалқатай-ау,
Жүректерді жібіттіңіз.
Ақылы сай ажарына,
Махаббаттың базарына
Қандай ана туыпты қыз?
Ей, қылықты қыз, қылықты қыз.
Бал қаймақтай кілкілдеген,
Тал шыбықтай шіркін денең.
Басқан ізің білінбейді
Боз жорғадай бүлкілдеген.
Жайнап тұрған бір гүл дер ем,
Сайрап тұрған бұлбұл дер ем.
Жігіттерді жаутаңдатып,
Арбайсың наз күлкіңменен.
Қайырмасы:
Ей, қылықты қыз, қылықты қыз,
Жүректерді жылыттыңыз.
Сөйте тұра сыпайылық,
Инабатты ұмыттыңыз.
Кергімеші, қалқатай-ау,
«Шаруаңыз шығып тығыз».
Жақұт тастай бір жалт етші,
Туған айдай бір жарқ етші,
Сырып тастап бұлытты, қыз.
Қанбасақ та шырыныңа,
Алмасақ та сыр ұғына,
Бас иеміз бәріміз де
Кереметтей қылығыңа.
Теңеп тұма тұнығына,
Таңданамыз қылығыңа.
Қай жігітті, қалқатай-ау,
Түсіресің құрығыңа?
Қайырмасы.