27.03.2022
267

Сен бөлексің....
Сен бөлексің. Ойың, ісің өзгерген,
басқа адамсың, ескі таныс, көзкөрген.
Арамызды қақ айырып уақыт,
саған – байлық,
маған – өлең, сөз берген,
мінезің де, кескінің де өзгерген.
Байқалады: басқа мақсат, басқа арман
пиғылың мен жүрегіңді басқарған,
ақша, мансап досың сынды ең жақын;
көз тігердей кеудеңдегі асқардан;
басқа пенде, басқа мақсат, басқа арман.
Көрініп тұр еңселісің, ірісің,
өзгергендей жүрісің мен тұрысың.
Ойың – жұмбақ, төрт құбылаң теңелген,
сөзің маңғаз, түгенделген ырысың.
Ел алдында – еңселісің, ірісің.
Түр-түсің де өзгешелеу басқадан,
айнымайсың шытырлаған ақшадан.
Уақытқа бізді өзгерткен не дауа?!
Сәлем бердім...
Қолымды алды басқа адам...
Қолымды алды басқа адам...
қараша, 1996 жыл.