27.03.2022
  173


Автор: Нұрлан Оразалин

Далада қар...

Далада қар...
Қаңтардың үскірігі.
Естіледі боранның «ысқырығы»...
Доңыз жылдың нойыстау мінезі ме,
елге тастап келеді қыс құрығын?!
Жоқ пен барды қосқан боп жырға, күнім,
әлде кімнің жүретін ұрлап үнін
пенде емеспін,
Қағазға жармасады
күпті қылған жүректі қырдағы мұң.
Жауабы жоқ көп ойым күрсінеді,
ақ көйлекті көңілге кір сіңеді;
Алатаудың қойнында аяз ұлып,
ақ қайыңның бұтағы түршігеді.
Сықыр-сықыр етеді басқан ізің,
кетер емес құлақтан бастағы «ызың».
Тірлік қатал...
Арман көп...
Қаңтар суық...
Жеткізбейді жолдарым қашқан ұзын.
Жеткізбейді дүние құр аттайын,
бүріседі ойымда:
Қыр...
Ақ қайың...
Қара аязы қаңтардың ысқырынып,
аш бөрідей қамайды сұрақ дәйім.
Қалтырайды кеудемде қыр, ақ қайың.
қаңтар, 1995 жыл.





Пікір жазу