27.03.2022
  141


Автор: Нұрлан Оразалин

Қайда барам?

Қайда барам?
Ойды кіммен бөлісем?
Неге ғана жабырқаттың мені сен?
Теңізімді тереңімде тулаған
жатқандайын жаншып үнсіз «өлі» сең...
Ақпан-сезім...
Аспан жетім...
Қашқан ба Ай?!
Айналаны қалың мұнар басқандай.
Долы тағдыр жармасардай жағама...
(Неғыл дейді нәті қатты тасмаңдай?!)
Бақ па?
Сор ма?
Күте-күте шаршадым.
Көкіректе алмасуда қар, сағым;
шыңғырады шұнақ қайғы, шұнақ мұң,
жүрегімде күркірейді қарсы ағын.
Ойым – он сақ, сана сорлы – сабауда,
жарлы көңіл жабығады – жамауға,
дос пен дұшпан алмастырып өз орнын,
ақыл-ойды алған сынды қамауға.
Сана салқын...
Дала салқын...
Жер тоңды...
Шудан – ойым, удан бойым өртенді.
 
Сақта, құдай!
Жүрек мұздап өткеннен
ұрпағына сөз айта алмай ертеңгі.
Қайда барам?
Ойды кіммен бөлісем?
Неге ғана жабырқаттың мені сен?
Тереңімде мұхит мөңкіп жатқандай,
кеуделерде сықырлайды өлі сең...
Сырды кіммен, ойды қалай бөлісем?..
желтоқсан, 1992 жыл.





Пікір жазу