27.03.2022
  154


Автор: Нұрлан Оразалин

ОҢАШАДА ӨЗІҢМЕН КЕЗДЕСТІҢ БЕ...

 Маған бір сезім керек, қарғам, бөтен,
қара тас – қайсарлығы, жардан бекем;
ойыма медет болар қиналғанда,
бағасы адам білмес арманға тең.
Маған бір сенім керек жалғанатын,
айқайлап күнде оятар арман атын;
«үмітсіз – сайтан» деген...
Адамбыз ғой
аялар арманымен жал, қанатын.
Маған бір айбын керек асқақ үні,
сілкитін жүректер мен бастағыны;
ғаламды ғайбаттардан қорғайтұғын
Ерлігіңіз – айбынның қас қағымы...
Өмірге өзек етіп құяр қанын,
сазына дүниелік сыяр бар үн;
осынау үш ауыз сөз толғайтындай
жеті қат жер үстінің күй, арманын...
Маған бір сезім керек, қарғам, бөтен,
сенімі – сергелдеңсіз, ардан бекем.
Еліме қуат берер қиналғанда,
айбыны адам білмес арманға тең...
Маған бір сезім керек, қарғам, бөтен!
қазан, 1996 жыл.





Пікір жазу