27.03.2022
  173


Автор: Нұрлан Оразалин

Мен жылаймын...

Мен жылаймын...
Жылаймын іштей Ел үшін,
биік таулар мен көл үшін,
өмір мен өнер, сұлулық,
сымбат көңілде таппай келісім,
өкінген сәттерім үшін,
опынған сәттерім үшін,
Дала тағдыры
толғантқан шақта мені шын...
Мен жылаймын!
Жылаймын:
Көрсетпей жасын көзімнің,
босатпай жібін сезімнің,
тарқатпай ойдың жүйесін,
ұрпақ пен ұлттың
тұмшалай қалса көзін мұң,
құм қылмау үшін
тау-тасын соңғы төзімнің.
Мен жылаймын!
Жылаймын:
қираған қорғандар үшін,
күйреген армандар үшін,
сиреген ормандар үшін,
намысын елдің ту етіп
арыстар үшін өртенген,
боздақтар үшін ерте өлген!
 
Азабым үшін өткерген,
мазағым үшін көп көрген,
үзіліп барып жалғанған
Тағдырым үшін от берген,
тұншығып тұрып жасыма,
бақ болып қонған басыма
Азаттық үшін жылаймын!
Астында мына Күн, Айдың,
шақырып атын құдайдың
жылаймын іштей Ел үшін!
Ұғым мен ойлар
санада таппай келісім
алданған сәттерім үшін,
жалғанған сәттерім үшін,
күйінген шақтарым үшін,
сүйінген шақтарым үшін,
Мен жылаймын!
сәуір, 1993 жыл.





Пікір жазу