ТІЛЕК ЖЫРЫ
Қалың елдің қаумалаған шер, ойын,
қауқар жетсе өлеңменен өрейін.
Не берсең де?..
Өтінемін, тағдырым,
халқымменен бірге жүріп көрейін.
Бірге жүріп, бірге тұрып, күлейін,
қара сөзбен қара қылды тілейін;
отқа түссе, өртенейін бірге мен,
өртеңдейін қайта көктеп, түлейін.
Жыласам да бірге еліммен жылайын,
құласам да бірге еліммен құлайын,
Елде менің – бар бақытым, бар қайғым,
Елде менің – тіршілігім, Күн, Айым.
Елден мені жатырқата көрмегін,
Ей, табиғат!
Өзгермейтін өрнегім.
Елде менің – тілім, дінім, ділім де,
Елмен бірге бесігімді тербегін.
Елім бүгін қиналуда... Сеземін...
Ойым – он сақ, өртенуде өзегім.
Ақын сорлы жырдан өзге не берсін?
Іздеудемін аласұрып сөз-емін.
Аруақтарға қолды жайып ерте өлген,
елдің ойын, елдің сөзін шертем мен;
ғасырымның тынысындай ақырғы
жырларымды ұсынамыи өртенген.
Елге – азаттық...
Маған қайтып келді өлең,
қапиядан сақтай көрсін «көлденең».
Тамырыма балта тие көрмесін,
не көрсем де?..
Көрейін мен елменен...
Қапиядан сақтай көрсін көлденең!
қазан, 1992 жыл.