Көңілдерге кіреуке....
Көңілдерге кіреуке мұң, енді сыз,
асау жүрек бұлқынады – көнгісіз.
Қала, дала – құрсауында ғасырдың
Ел ертеңі не болады?
Белгісіз...
Белгісіз ой, белгісіз мұң... Көшеді...
Елес, аруақ кезетіндей көшені.
Алматының түнгі аспаны у да шу,
ұйықсыздың сықырлайды төсегі...
Әкім мұңы – қалай жегу тертені,
ақын мұңы – қалың елдің ертеңі,
пақыр мұңы – тірлік қамы, жан бағу,
батыр мұңы – бойын намыс өртеді;
сатқын мұңы – көзіне қос көрінді,
жаттың мұңы – елестетті төрімді,
босқын мұңы – туған елдің түтіні,
достың мұңы – сөзден жұрты жеріңді;
естің мұңы – ой ұшыру ұядан,
өштің мұңы – аман өту қиядан...
Қара түнде мұңға баттым қарайып,
мұң оранып өлең туды сиядан.
Өлең туды өріп түнгі ойымды,
кеудем сөз бен ел мұңынан ойылды;
қалтыраған қара аспанға тіл бітті,
кеулеп сезім, керіп намыс бойымды.
Жүректерге кіреуке мұң, қонды сыз,
асау көңіл бұлқынады – көнгісіз.
Елім, жерім – жетегінде Заманның.
Заман, бірақ, не береді?
Белгісіз...
қыркүйек, 1992 жыл.