27.03.2022
  132


Автор: Нұрлан Оразалин

Жымқырмақ боп...

Жымқырмақ боп біреудің үйдегісін,
кім кінәлі жарлының «күйгені» үшін?
Қарап тұрып налисың...
Амал қанша?
Адалдықпен күн көру сиреді шын.
Ботадайын боздайды... Жетім-ішің...
Кім тыңдамақ пендеңнің өтінішін?..
Бірін-бірі алдауда жұмыр бастар,
сөзбен өріп замана бекінісін.
Іздеген боп өмірдің кіл тұнығын,
қоянға кеп айтады түлкі мұңын;
ақиықпен теңелді сауысқаның,
«ала жіпті аттамау...» – күлкі бүгін.
Жапырағын тонатты мұңайған бақ,
күйкентай құс құлатты құмайды алдап;
кедей сорлы ойлайды «бай болсам» деп,
ал байыңның мұраты – «құдай болмақ».
Іске қосып пайда мен епті бірден,
құрығына түсіру көкті күлген,
айналдыру жемсауға жер мен суды,
арайларды хан жүрген, текті жүрген.
 
Алтыныңның болды ақыл көк есегі,
(теңгеменен тек мисыз егеседі...);
сеніп жүріп «сәулелі болашаққа»,
алданғандар жіберді көп есені.
Адам дертті... Жүрегін құмар алған...
Қайда барып қонбақшы сыңар арман?
Қалталының кеудесі – тойған бәрі,
қалтасызды күтуде мұнар алдан...
қазан, 1992 жыл.





Пікір жазу