Қатар тұрып...
Қатар тұрып көтерер кең көшені,
сағынғанда кезімді мен кешегі –
достарымды іздеймін дәтке қуат...
Бұлқан-талқан ішімде сең көшеді.
Сеңмен бірге көшеді бір жылы ағын,
қуанғым да келеді тұнжырағым,
айқай салып, жапанды бір жаңғыртып,
ессіз-түссіз келеді бір жылағым.
Бір жылағым келеді тауға қарап,
тауда – менің үмітім, қауға, қара ат,
тауда менің шежіре тарихым бар,
жебе қылып ататын жауға қарап.
Тауда – менің қарағай, тал, қайыңым,
Махаббаттың тербеген балдай үнін.
Тауда тұнық сезім бар жырларымның
бағын алғаш сыйпаған маңдайының.
Тауда – менің бал күнім, бала шағым,
тауда мәңгі ұйық тауда қара шалым,
теңбіл-теңбіл көктемім – тауда менің,
таудан биік көрінер дала, сағым.
Шаужайынан түрткілеп жиі күнді,
сағынғанда іздеймін биігімді.
Тауымды асқақ іздеймін – достарымды,
басу үшін өрт, жалын, күйігімді...
тамыз, 1992 жыл.