КӨШТІҢ МҰҢЫ – АМАН ӨТУ ҚИЯДАН
Білем...
Сезем...
Заманым қиын бүгін,
құрағындай тірлігім қиындының.
Сұлу сезім тапталып табанымда,
асқақтатты мынау ел тиын құнын.
Жаны өзгерді адамның нарықтағы,
су сатылды сұраусыз арықтағы,
базарда ес жоқ, елде ес жоқ...
Бәдік тірлік...
Бағасы бағасыздың шарықтады.
Ес жиятын түрі жоқ ел ішінің,
адам, арман жоғалтты келісімін;
майдангерің айналды қайыршыға,
көрер кезде қызығын «жеңісінің».
Өткен өмір – жоқшылық, бейнет керім,
тірлігімнің тұманды кей беттері,
көше кезіп келеді қалт-құлт етіп,
пұшайманды ақсақал зейнеткерің...
Екі көзі – дүкенде, жарнамада.
(жасырады онысын – арлана ма?)
балдағымен келеді жерді соғып,
ел бастаған кешегі тарлан аға.
«Басқа түссе баспақшыл...» Көнбес пе адам?
«Отан үшін қан төгіп, ел бастаған
осы отырған мүсәпір кісі» десең,
кісі тани қоймаған сенбес балаң.
Сенбесе де, сенсе де шындық осы,
көше бойы – өткеннің мұңды қосы.
Қанжылатып жүректі, аласұртып,
келе жатыр заманның «жынды» көші...
Көшеде отыр өткеннің мұңды қосы...
қыркүйек, 1992 жыл.