27.03.2022
  144


Автор: Нұрлан Оразалин

Өрісі кеңдер....

Өрісі кеңдер өріс іздей ме?
Өріссіз жанға тар маңай;
терісі кеңдер керіс іздей ме,
іздей ме, шіркін, арман-ай?!.
Бауыры бүтін бауыр іздей ме,
қайғысыз адам не білсін?
Көңілді баспай салқын сыз кейде
көкірек қайдан егілсін?!.
Армансыз жылан, төгіліп алмай,
көк тиын құны – шын ардың,
махаббат-дерттің, көміліп алмай,
қадірін қайдан ұғар кім?..
Сезімсіз жүрек қалай дір етпек?
Сезімді сұлу құс дейді;
жүректің үнін естір жүрек тек,
түсінер тілсіз ішкі ойды...
Армысың, арлы Дала, Ғасырым,
жалынға жанды қақтадым;
кеудеме қонған замана сырын –
құсымды сұлу сақтағын.
Сақтағын, Тәңір, сақтағын!
тамыз, 1992 жыл.





Пікір жазу