27.03.2022
  138


Автор: Нұрлан Оразалин

Жанарында – көктемгі тау....

Жанарында – көктемгі тау, қыр, емен,
нөсер болып құярдай жауғыр өлең.
Таранады дүние өзің болып,
көзің болып қарайды жәудіреген.
Біреу айтса, апыр-ай, сенбе, дер ем,
естіп тұрып естімес кем бе керең?!
Сығалайды Айлы аспан өзің болып,
сезім болып өртейді сендегі ерен.
Сендегі ерен сұлулық – тынбас арман,
еркелесең, көзімде түн жасарған.
Ұлғайдық деп айтпашы...
Бекер, жаным,
ұлғаймайды адамдар сырласа алған.
Қартаймайды адал жан мәңгі ғашық,
адалдардың артынан алды қашық.
Әлі талай асуды бір асамыз,
үмітіңнің қанаты қалғымасын.
Көктем шулы болғанда...
Жазым – аңыз...
Жабырқама!
Жыр болып жазыламыз.
Талай өлі тауларға бір шығамыз,
Өмір атты болса аман қазынамыз.
 
Құшақ жайып көрінсін ғасыр алдан,
тыншымайды жүректе ғашық-арман.
Сен мәңгілік, мәңгілік – кеудемдесің,
мәңгілікке ешкімнен жасыра алман!
Тыншымайды жүректе ғашық-арман!..
қыркүйек, 1996 жыл.





Пікір жазу