27.03.2022
  130


Автор: Нұрлан Оразалин

Алдыңда аласардым....

Алдыңда аласардым ба,
жаныңа жара салдым ба?!
Жазыңның бұлтын қуалап,
жауғызбай жауын қара шалғынға,
жаныңа жара салдым ба?!.
Қол созып төбемде Күнге,
төріңнен төмендедім бе?
Өлеңнің буы жеңгенде,
сезімге бәрін шегендедім бе?!
Төріңнен төмендедім бе?
Төбеңді тегістедім бе,
өріңнен еңістедім бе?
Көңілге ырық берем деп,
байқалмай мас боп жеңіс төрінде,
өріңнен еңістедім бе?!
Соны ойлап бойда жоқ тыным,
жүректі бүрді текті мұң.
Күрсініп батты Ай көктен,
талықсып таңға жетті үнің.
Жүректі бүрді текті мұң...
Алдыңда аласардым ба?!
Жаныңа жара салдым ба?!
Қолыңнан келсе, кеш, күнім,
жауайын нұр боп қара шалғынға...
Алдыңда аласардым ба?..
қазан, 1992 жыл.





Пікір жазу