27.03.2022
  159


Автор: Нұрлан Оразалин

Сен маған көкте....

Сен маған көкте жүзген аппақ Айсың,
Ай қалпыңды...
Өтінем, сақтағайсың!
Жыр жазамын жүректен үзіп-үзіп,
жүрек сөзін, аяулым, жаттағайсың.
Бақыттымын...
Жаттасаң шын айтамын,
жырда менің – тағдырым, Күн, Ай, Таңым;
тағдырыммен біреуді шаттандырып,
тағдырыммен біреуді мұңайтамын.
Сезім-ойдың пернесін басып тұрып,
жырымменен жер үстін асықтырып,
сергелдеңге саламын адамдарды,
сырлы...
жұмбақ...
Әлемге ғашық қылып.
Талып-талып кеудемде алыс бір ән,
қиырларды қиырмен қабыстырам;
жүректерге махаббат үлестіріп,
егескенді елші боп табыстырам.
Арман, қайғы – ақынға несіп екен,
Айдың астын мәңгілік бесік етем.
Пешенеге жазғанды аз-көп демей,
айдындарды жырыммен кешіп өтем.
Жүргенім жоқ өмірде күйіп бекер,
жырым мені жұртыма сүйікті етер...
Ұғын, қалқам, бойында құдірет бар,
Жыр-киемнің аспанын биіктетер!..
тамыз, 1992 жыл.





Пікір жазу