Саған айтар...
Саған айтар кеудесінде әні бар,
сағынғанда: күлкің – дауа, лағыл, ар,
көзің – гауһар, шағылар,
есі кетсе гауһарың мен дауаңнан
алмастайын жанығар,
жанығар да сағынар,
сағынар да қамығар...
Кеудесінде күмбір-күмбір үні бар,
қиылғанда: сөзі-шербет, гүлі-бал,
түгесілмес мұңы бар,
аспан, айы, жұлдызы бар, күні бар;
асқарыңың шыңы – қар,
әуез, үнін түн ұғар,
түн ұғар да құмығар;
тілінде тек махаббаттың тілдескен,
(бөтен тіл мен бөгде сөзді білместен),
түнде сұлу үн кешкен,
жүрегіне қондырып ап ғаламды
өрісінен түн көшкен,
өзегінен үн көшкен,
өзгеше бір күн кешкен;
Сен қамықсаң – қабағында сөнген күн,
азабыңа ақыреттік көнген кім?
Арманыңа сенген кім?
Жадырасаң– ашылатын аспаны,
жанарыңа енген кім?
Жалын болып келген кім?
Жаны бірге пендеңмін...
Ол – менмін...
тамыз, 1991 жыл.