27.03.2022
  125


Автор: Нұрлан Оразалин

Маған артық....

Маған артық байлықтың жоқ керегі,
махаббатым болса аман от береді;
артық байлық, артық сөз – бақтың соры,
артық сөзді махаббат жек көреді,
байлықсыз да тірлігін өткереді.
Байлықсыз да думаны тарқамайды,
ән-күйімен әлемді арқалайды;
махаббатын ұмытып кеткендерді
жолбарыс боп түбі бір Ар талайды.
Мен нетейін бөтен сөз, көшірме ойды
(есті пенде ешқашан есірмейді);
махаббатын өксітіп кеткендерді
түбі әйтеуір тағдыры кешірмейді.
Ойлы сөздің орынды жүйесі бар,
кемел ойдың ел сүйер иесі бар;
махаббатын жылатып кеткендерді
құрығы ұзын әділет... Киесі ұрар...
Маған артық байлықтың жоқ керегі,
аман болсын жырымның көк терегі;
жырым барда, жарық бар, махаббат бар,
өмір өзі қалғанын өткереді,
аман болсын жырымның көк терегі...
қаңтар, 1991 жыл.





Пікір жазу